26.03.2022
  133


Автор: Нұрлан Оразалин

Сен бүгiн биiктесiң…

Сен бүгiн биiктесiң…
Еңiстемiн…
(Көзiңе көрiнедi көп iсте мiн.)
Сырлас ең қатар жүрген кеше ғана,
сезiнер достарының тегiс демiн.
Мұңын да, айтатұғын сырын да ашып,
жанына тыным бермес жыр, үн ғашық,
ақ едiң, адал едiң, алмас едiң,
аттамас ала жiптi қырын басып.
Бәрiне куә жылдар, өткен айлар…
Суалып сезiм қанша? Кеткен ойлар?
Ақ тұйғын адалдығың желге ұшқан ба?
Кеудеңде қураған ба көк тоғайлар?!
Көңiлiн тербететiн Айдағы арман,
жүрегiн тек махаббат жайлап алған,
дос үшiн отқа түсiп, су кешетiн,
апыр-ай, асыл шағың қайда қалған?!
Көзiңе қараймын да – тосыламын,
сөзiңдi естимiн де – шошынамын.
Ақ күннен, адал күннен таппай белгi,
кеудемдi қамшылайды жосыла мұң…
маусым, 1988 жыл.





Пікір жазу