26.03.2022
  127


Автор: Нұрлан Оразалин

Сендер бар....

Сендер бар жерде жана маздаушы ем,
сендер жоқ жерде сөне жаздаушы ем.
Сезесiңдер ме?
Сенесiңдер ме?
Сендерсiз бiр күн өле жаздаушы ем?!
Кеудеме қонған сағымдай мекен –
жастығым менiң лағылдай от ең.
(Ұясын ұшқан еске алып кейде
құс-тағы тiптi сағынбай ма екен?).
Сағынбай ма екен биiк ұшқанын,
сағымды белдi сүйiп ұшқанын,
сал дала,
сал тау,
сая бақтарды
самала түнде жиi құшқанын?!
Жиi құшқанын, сүйiп ұшқанын,
сағынбай ма екен жиi құстарын;
менiң сендердi аңсаған кезiмдей,
кезiп ойлардың қиылыстарын?!
Жалын боп жалап өр, тегiсiмдi,
өкiнiш сәттер өртеп iшiмдi,
күндерiм өткен сендермен бiрге
елестер кейде ертегi сынды…
 
Сендер бар жерде жана маздаушы ем,
сендер жоқ жерде сөне жаздаушы ем…
Сенбеймiн қалай жылдарды өткергем,
сендерсiз бiр күн өле жаздаушы ем?!
сәуiр, 1988 жыл.





Пікір жазу