26.03.2022
  129


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖҰМАҚТЫҢ ЖАЙЛЫ БIР ҮНIНДЕЙ…

«Iшек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейiштiң үнi шығар қоңыр салқын…»
Байрон – Лермонтов – Абай
***
Алаурап көңiлден от өрiп,
қызуы жетердей алысқа,
әлде кiм аспанға көтерiп,
менi алып кетердей ғарышқа.
Атқақтап тұр қатты тамырым,
бiлемiн ешкiмге көнбесiн,
көтерiп кетердей Тәңiрiм
ғарышқа – мәңгiге пендесiн.
Көтерсе, көтерсiн. Несi бар?!
Бiр көрiп қайтайын мұңды Айды.
Адамдар жердегi есi бар
Айдағы дауысты тыңдайды.
Тыңдайды ғашықтар ес кетiп,
жүрегiн жүрекке табыстап,
сезiмге мас болып кештетiп,
шулайды махаббат – таныс бақ.
 
Жұмақтың жайлы бiр үнi боп,
жыр отын жаңа бiр жағайын,
шiлденiң шiлiңгiр түнi боп,
жұлдызды аспаннан ағайын.
Тiршiлiк осынау жердегi
жарасып, жайғасып қақ төрге,
ойларым құйылып өрдегi,
жыр болып тамсыншы дәптерге…
тамыз, 1988 жыл.





Пікір жазу