26.03.2022
  94


Автор: Нұрлан Оразалин

ТАБЫСУ

«Ұлы Мағжан Елiне қайта оралды,
Азаттығын, Азабын айта оралды…»
(тiл ұшына келген жол)
Қыр жасарды. Құлпырды көктем-елiк.
Жер дегдiдi. Күн күлдi. Шөп көгерiп.
Ұлы ақынын еске алып жатыр елi,
қара аязды қаңтарда кеткен өлiп.
Қатал заман күзеген қол, қанатын
қалың елдiң жөнi бар толғанатын;
әр жүректiң төрiнде тұр мұңайып,
сатқындықтың құрбаны болған ақын.
Қараңдаршы!
Көлде – мұң, көкте – бүлiк,
көңiлдерден көшедi көктем ұлып;
әр жүректе – сыланған бiр аққу құс,
қызғаныштың жебесi кеткен iлiп.
Жырламайды шындықты текке халық:
Айналайын әдiлет неткен алып?!
Әр жүректе – қамкөңiл ұлы толғау,
қорқау заман өзiмен кеткен алып.
Жылдар бойы жаттаған жұрт iшiнде,
жырларының дала бар түр-түсiнде;
әр жүректе – есiл ер өткен кеше,
халқына арнап жасын да, күлкiсiн де.
 
Айт адалын, жаңа ұрпақ – қайырлы адам,
(өлмес жырмен ел байыр, байыр ғалам).
Әр жүректе – кемел ой кеткен өксiп,
махаббатын даладан айырмаған.
Жасаурап тұр көк аспан, қимай көктем,
ой-сананы мың сауал қинайды өктем.
Әр жүректе – жалыны отты өлеңнiң
маңдайына қазақтың сыймай кеткен.
Өкiнiшi өзектi өртеп өткен,
әр жүректе – бiр боздақ ерте кеткен.
Қараңдаршы!
Ерекше мамыр биыл,
қыл пернесiн көңiлдiң шертедi еппен.
Кеудем – шанақ…
Күмбiрлеп көгiм, егiн,
шамырқанып шартарап, төгiледi үн.
(Жарты ғасыр жасырған көзден жасын
тым құрыса жарты күн төгiл, Елiм.)
Егiлуде көңiлi басылғандар,
төгiлуде ес кетiп, ашылғандар,
жатыр шайып көз жаспен көңiлдегi
уақыттың азабын ашынғандар.
Аман қалған қотыраш-батыраштан
жатыр таулар тойлатып, жатыр аспан;
Мағжанымен табысып жатыр Елi –
Махаббаттан жоқ екен батыр асқан!..
мамыр, 1989 жыл.





Пікір жазу