Жаным менiң....
Жаным менiң – көк орман жан баспаған,
аспанында күмбiрлеп, жалғасқан ән;
сұлу әнге осынау түршi құлақ,
ой, сезiмге шөлi бiр қанбас, ғалам.
Жаным менiң – кең дала сағым ұшқан,
қаз, үйрегi көктемде сабылысқан.
Көңiлiмдi тербешi! Тербе менiң!
Беу, тiршiлiк, сарғайған сағыныштан.
Жаным менiң тау сынды асқаралы,
төсi – шалғын… Ақшаңқан баста – қары.
Көрер болсаң, дүние, кеудемдегi
тұма, бұлақ сол таудан басталады.
Үш ұғымым…
Үш сезiм…
Үш алаңым…
Аманында мен биiк ұша аламын.
Үш қуатым – тұрғанда үш тiрегiм,
табиғаттан таусылмас күш аламын.
Қозғар, бәлкiм, қозғамас заманды үнiм,
жасырмаймын – ойлардан алаң күнiм.
Ай астынан тiлеймiн үш қуатым:
Орман, дала, тауымның амандығын.
Тербер, бәлкiм, тербемес ғаламды үнiм,
(өлең жазып, ұстамас қаламды кiм?!.)
Жер бетiнен сұраймын жан ұшырып,
Орман…
Дала…
Тауымның амандығын.
наурыз, 1989 жыл.