26.03.2022
  124


Автор: Нұрлан Оразалин

Кеңшiлiк өткенде

Қайда бармадық? Ненi көрмедiк?
Ойларға қандай батпадық?
Ұлды құшақтап, досты жерледiк.
Көңiл бұршағы жатты ағып…
Қайда бармадық? Ненi сезбедiк?
Көңiлде қанша талды арман.
Алтынды кейде сары жез көрiп,
айрылып қалдық шалдардан.
Қайда жүрмедiк? Ненi бiлмедiк?
Жыр болып жүрек бұлқынды.
Асыл жан едi… Неге күндедiк?
Кештеу жанарға мұң тұнды.
Қайда гүлдедiк? Қайда өстiк бiз?
Бар ма екен, қара, көзiмде ой?
Ағаның жолын неге кестiк бiз,
асыл мiнезiн сезiнбей?
Дүние күллi бiзге өкпелi,
жардың да жаны жаралы.
Жаз да жаңбырлы күзге беттедi.
Көңiлде – көктем аралы…
 
Қайда барамыз? Қашан тоқтаймыз?
Көңiл де орта. Көл орта.
Күрсiнген кезде қызыл шоқтаймыз,
келiп те қапты-ау жерорта…
ақпан, 1989 жыл.





Пікір жазу