Бiз өмiрде жылаймыз....
Бiз өмiрде жылаймыз да күлемiз,
бұл фәниде бәрi, жаным, кiл егiз:
Шаттық-қайғы…
Мұң-қуаныш… Байқашы,
Егiз…
Егiз…
Жер бетiнде кiлең iз…
Мейлi, құпта! Мейлi, менi терiс де,
екi иықта – перi менен перiште;
адалдық пен зұлымдығың – егесте,
ар мен арсыз мәңгi-бақи – керiсте.
Күн көрiнбес iздегенмен түнде айлы,
қатыгездiк қайсарлықты шыңдайды,
жалған дақпырт бола алмайды шын дана,
армандыны мұқата алмас мұң-қайғы.
Қанатына аппақ сезiм, күйдi iлiп,
шарқ ұрады ақ шағала игiлiк.
Ал арамдық?
Қарға сынды «қарқ» етiп,
далбаң қағар жемтiк iздеп, күйдiрiп.
Санаң кейде сатқындардан түршiгiп,
тазарғанмен кеудеңдегi кiр шығып…
Ақ пен қара алысуда жүректе,
алысуда От пенен Су – тiршiлiк!
Бiз өмiрде күлемiз де жылаймыз,
кейде пенде, кейде нағыз «құдаймыз»;
«құдай» кезде ұмытамыз бәрiн де,
пенде кезде көлгiрсимiз, құлаймыз.
Бiз өмiрде күлемiз де жылаймыз…
қаңтар, 1989 жыл.