26.03.2022
  113


Автор: Нұрлан Оразалин

Мазасызбын…

Мазасызбын… Нелiктен? Түсiнбеймiн.
Тағы адасып отырмын iшiнде ойдың.
Өзге түгiл, өзiме ұнамайды
өлiп-өшiп атқарған iсiм кей күн.
Мықты болсаң, себебiн тапшы, күнiм,
сезiмiмнiң есепсiз тап шығынын.
көрiпкелiң болса егер, жаныма үңiл,
болсын маған жасаған жақсылығың.
Ойымды еле, сөзiмдi қайта қара,
қайта қара, сезiмдi байқа дара!
Үңiл-дағы шыныңды жасырмай айт,
жүрегiңдi бiр сезiм айқара ма?!.
Айқара алса жаныңды толғанысым,
сөзiмнiң де сезiмнiң болғаны шын.
Ақ-қарасын айт, қарғам, адалынан,
болсын маған жасаған қолғабысың.
Анығын айт! Айт, қарғам, асырмағын,
олқы тұсым бар болса, жасырмағын.
Қара қылды қақ жарған шындық қана
бойдағы асау қозғайды ғасыр қанын.
Мәңгi қалқып көгiмде тұрмас Айым,
бүкпе ойыңды, ессiз бiр сырласайын.
 
Адамдарға армансыз айтып, айтып,
басқа ғұмыр кешейiн, бiр жасайын.
Арылайын…
Армансыз сырласайын.
ақпан, 1989 жыл.





Пікір жазу