26.03.2022
  128


Автор: Нұрлан Оразалин

Тура айтқанды....

Тура айтқанды тумысы терiс демен,
ақындарды бастайды ер iске өлең.
Бәрiмiз де адамбыз, перiште емен…
Қалай? Қайда бармақпыз керiспенен?!
Қай асуды, алмақпыз қай биiктi?
Жанжал мен дау шаршатты.
Қайғы ұйытты.
Көрiп тұрып көрмеймiз шын асылды,
жабы деймiз төгiлген сәйгүлiктi.
Серiк етiп сезiм мен мұң, арманды,
ойдан көңiл жүдедi, мұнарланды,
Көрiп тұрып көрмеймiз шын алыпты,
күшiк деймiз мүсiркеп шын арланды.
Кеуделерде мүдiрсе ұйығып ән,
көрсоқырлар күледi миығынан;
көрiп тұрып көрмеймiз шын дарынды,
«талапты» деп қағамыз иығынан.
Ой мен сезiм жаңғырып, жиi алмасқан,
тiрлiк – арман айдыны, қиял – дастан;
көрiп тұрып асқарды көрмеген боп,
биiк деймiз төбенi ұялмастан.
Болмашыға адамдар төгедi арын,
өз атымен айтпаймыз неге бәрiн?
 
Қарға билiк айтады бұлбұл құсқа,
күзетедi есiктi неге дарын?
Деңгейiнен шындықты асырмайық,
қысыр сөзден шаршады «Ғасыр байып»,
өз атымен айта алмай ақиқатты,
әлi күнге келемiз… Жасырмайық…
қыркүйек, 1988 жыл.





Пікір жазу