26.03.2022
  107


Автор: Нұрлан Оразалин

Бiр күнi көкке....

Бiр күнi көкке шығам – қалықтаймын,
бiр күнi жерге түсем – алып қайғым;
дүние дүрбелеңiн дулы-думан
жүректiң қағысымен анықтаймын.
Қайыңның түнде тоңып жапырағы,
бiр күнiм мұңға менi батырады;
өлең боп өзегiмдi өртеп өмiр,
бiр күнiм арманға алыс шақырады.
Сеземiн… Көз көредi, iш талайды,
бiр күнiм бiр күнiме ұқсамайды;
бiр күнiм адасса егер ой орманда,
тұтқындар бiр күнiмдi ұста қайғы.
Бiр күнiм көмiлдiрiп күйге бөлек,
бiр күнiм желкелейдi түйнемелеп,
аяғың бiрде – есiкте, бiрде – төрде,
кiредi кейде шаттық үйге кенет…
Бiр күнiм алып келсе дау басыма,
бiр күнiм көтередi тау басына.
Келедi тағдыр өзi екшеп бәрiн,
келтiрiп келмейтiндi тәубасына…
мамыр, 1988 жыл.





Пікір жазу