26.03.2022
  117


Автор: Нұрлан Оразалин

Өзiңдi өзiң....

Өзiңдi өзiң жеңу қандай қиын iс,
кеудең толы – қия соқпақ, қиылыс;
тас-талқан қып бiр ойыңды бiр ойың,
өтiп жатыр тар кеудеде «жиылыс».
Бетi қиын… Бүгiн-ертең тоқтамас,
Айтушы көп…
Айқайшы көп…
Көп талас…
Бiрiн бiрi тыңдамайды он сан ой,
дауға түгiл, тiгетiндей оққа бас.
Бiрiн бiрi аттатпастан бiр елi,
бiрiн бiрi қарш-қарш шайнап, бүредi.
Ашулы да, ызалы да – осында,
Ойдың төрiн буады кеп жыр елi.
Тоқтар емес тар кеуденiң «жиыны»,
иiредi тiршiлiктiң «құйыны».
Көкiректе күрсiнедi Алатау,
түршiгедi кең даланың
Күй…
Үнi…
Елеп-екшеп жер үстiнiң бар әнiн,
жүректi отпен шыжғырамын, қарамын.
 
Шақшадай бас шарадай боп шаршадым,
тар қияда қайда кетiп барамын?
Ой мен қырдың арасында сарқылып,
тау мен таудың қыспағында шарқ ұрып,
өзiмдi өзiм өгейсiтiп жүдедiм,
бастаулардың көзiн шайып бар тұнық.
Тырна сазы қалқып түнде алыстан,
тiледi бiр көкiректi ән ұшқан.
Келемiн мен өзiмдi өзiм жеңе алмай,
Жыр – жолбарыс… Ой деген – бiр арыстан…
қыркүйек, 1988 жыл.





Пікір жазу