26.03.2022
  157


Автор: Нұрлан Оразалин

ӘКЕ РУХЫ

Өлең кеттi…
Менен талай бақ тайды.
(«Жыртық үйдiң құдайы бар»… Сақтайды.)
Әкем кеттi, қиқар кiсi ендi үнсiз,
ешқашан кеп есiгiмдi қақпайды.
Келмейдi ендi қала кезiп бiр адам,
ұлын iздеп сөз бен ұйқас құраған.
Жүрмейдi ендi алып-ұшып бiр ата
ұрпағының амандығын сұраған.
«Шықпады-ау, – деп, – бiр жинағың көлемдi»,
намыстанып, қынжылмайды ол ендi.
Майдангердiң зiлсiз «қызып» айтатын
артық сөзiн естiмейдi ел ендi.
Соны ойласам…
Кеулеп-кезiп мұз-қайғы,
шым-шым етiп жүрек қатты сыздайды.
Қатал кездiң «кесiп» айтар сарбазы
ағайынның шырқын ендi бұзбайды…
Көзiнде оның шуламайды бақ талып,
сөйлемейдi ол топ алдында «мақтанып»,
дос-жараны сағынады, көр әлi,
ол туралы толғар сырын ақтарып.
 
Болмаса да оза шапқан мол дарын,
баспаса да жарыстырып томдарын.
«әкең айтқан сөз едi» деп осы елдiң,
бiлем әлi талай-талай толғарын.
Амал қанша?
Көкейге, әттең, кеш түйдiм,
төрiн көрiп құлазыған ескi үйдiң;
отты жанар қадалып тұр суреттен.
Орны бос тұр… Тек дауысын естимiн.
Естимiн де… Кеуде толқып айтады ән,
қайда күндер намыс туын шайқаған?
Өлең кетсе…Қызғыш құс қой киелi,
шын сағынсаң, оралады қайтадан!
Киелi құс оралады… Бек сенем!
Ал әкем ше? Сондай жырды көксеген?
Келмейдi ендi. Есiгiмдi қақпайды.
Егiлтiп бiр сезiмiмдi төкшi, өлең!
Егiл!
Төгiл!
Бойда жалын лауласын.
Тұрғанында жүрек аман. Сау басым…
Нұрын төгiп әке рухы көктегi,
ырза болып аруағы бiр аунасын.
Бойда жалын лауласын!
қаңтар, 1988 жыл.





Пікір жазу