ОБА ТҮБIНДЕГI ОЙ
Дала төсiндегi ескi обаларды көрген
сайын, есiме Геродоттың: «Сақтар ел
шетiне жау тигенiн обалардың басына от
жағып хабарлайтын болған», – деген сөйлемдерi оралады.
Ерте…
Ерте…
Елес күннен сақталған,
Жыраулардың жырларымен жатталған,
Кiтап шығар оқылмаған бұл Оба,
қалып қойған хундар менен сақтардан.
Он сан ғасыр
жырлай-жырлай жақ талған,
байрақ ұстап, Алтай асып, аттанған
Көк Түрiктiң көзi ме әлде бұл Оба,
тақымында талай тұлпар – ат талған?
Жүйрiктерi желдей есiп самғаған,
оңы-солын «өрттей қаулап, жалмаған»
хазарлардан қалған сөз бе бұл әлде,
ғасырларды ғасырлармен жалғаған?
Үйсiндер мен түркештердiң көзi ме?
Құмандар мен қыпшақтардың өзi ме?
Ел бiрлiгiн қорғай жүрiп, қалдырған
өткендердiң келер ұрпақ тезiне
абыройлы сөзi ме?
Жұмсам көздi жаңғырады күнде ойым:
Дәуiрлерден талып жетер үндейiн,
Моғолдардың естiлердей сарыны
түгендеген терiскейi, күнгейiн.
Кiм сенедi!?
Нанады кiм мұныма?
Уақыттың ұрпаққа артар сыны ма?
Мынау Оба – Аспараның азасы,
Ноғайлының тастап кеткен мұңы ма?
Өлмеу үшiн Өмiр атты тасқында,
жасырынып сексеуiлге, тас, құмға
жатқандайын бiр халықтың өткенi,
осы обаның орда тiгiп астында.
Шайқаса да заманалар – шайқалмай,
өзек жарып өзi жайлы айта алмай,
жатқандайын Жiбек жолын тiзгiндеп,
батыр бабам бағзы күннен байқалмай.
Ереуiлдi кезеңдерде ат үстi,
көрген талай қырғын, сүргiн, атысты;
жатқандайын ен Даланың қожасы,
жалғап өткен Шығысы мен Батысты.
Жауларынан түсетұғын кiл басым,
қаһарынан дiрiлдеген Шын, Машын;
көшпелi елдiң кешегiсi жатқандай
бауырына ап сөз бен ойдың тұнбасын.
Кiм бiледi?
Кiм айтады анығын –
кешегiнiң ұлысы мен ғарiбiн?
Күйiнемiн… Күрсiнемiн… Жүректi
жатқандайын жалын сүйiп, қарып үн.
Сырласатын емен де жоқ, жоқ қайың,
менен әлсiз, менен шерлi жоқтайын.
Қара Обаға қараймын да налимын,
ой-санамды шыжғырардай шоқ дәйiм.
Қып-қызыл шоқ…
Көңiлiмде – жан бабам,
найза ұшында болашағын жалғаған,
қара обадан қол созардай ашулы
ұрпағына оты лаулап жанбаған.
Мезгiл жетiп, шөгерiлген түйесi,
қай дәуiрдiң, қай заманның Иесi?
Қозын үрлеп, кейiнгiге дем берiп,
қорғап-қоршап жатқан Елдi Киесi,
мынау Оба қай ғасырдың Иесi?
Қай ғасырға иейiн мен басымды?
Қай ғасырға төгейiн мен жасымды?
Қай ғасырға алғысымды айтайын
сақтай алған жанымдағы жасынды,
бойымдағы асылды?
Қай дәуiрдi өлең-сөзбен өрейiн?
Қай дәуiрдi жырмен жебеп көрейiн?
Қай дәуiрдiң тағзым етiп алдына,
өр көңiлдiң отын жағып берейiн?
Уақыттың шекерi мен балына,
Сап-сап, көңiл!
Алданбағын!
Налыма!
Қай Заманнан тамырымды таратып,
Қай Заманның жармасайын жалына?
Нар тәуекел! Жөнсiз неге жасимын?
Естимiсiң, көкiрегiмде тасиды үн.
Мың-мың жылдық өмiрiмнiң үзiгi,
Беу, қара Оба!
Отымды үрле,
Алдыңа кеп бас идiм.
қыркүйек, 1985 жыл.