«СЫПАЙЫНЫҢ» СЫРЫ
І
Өмірден ол үш-ақ мақсат қалапты:
Қулық, сүю, тірлік ету көңілді;
Сапырғанда судай шайқап шарапты,
Осы деп ол білді нағыз өмірді!
Өмірден ол үш-ақ мақсат қалапты:
Қулық, сүю, тірлік ету көңілді;
Жем іздеген құрдай кезіп алапты,
Басқа әйелден көрсе жылы қабақты,
Осы деп ол білді нағыз өмірді!
Өмірден ол үш-ақ мақсат қалапты:
Қулық, сүю, тірлік ету көңілді;
Түнде жортқан түлкідей қу әрі әккі,
Тіміскілеп тапса оңай тамақты,
Осы деп ол білді нағыз өмірді!
ІІ
Өмірде оның үш ермегі бар еді:
Алу, алдау, азғыру ақ көңілді;
Қоғам мүлкін қорғамақ боп дәлелі, –
Сиыр құсап жалмап бәрін тілімен,
Осы деді және нағыз өмірді.
Өмірде оның үш ермегі бар еді:
Алу, алдау, азғыру ақ көңілді;
Қоразға ұқсап дауысы зор, әдемі, –
Қашан, қалай шақыруға ұста боп,
Осы ғой деп бөсті нағыз өмірді.
Өмірде оның үш ермегі бар еді:
Алу, алдау, азғыру ақ көңілді;
Көкек құсап көп нәрседен дәмелі,
Бір айтқанын мың қайталап, жұртты алдап,
Ел көзіне жақсы боп ол көрінді...