25.03.2022
  132


Автор: Тортай Сәдуақас

САРҚЫРАМАДА

Есуас па?
Ер ме, үрейді білмеген?
Өзін-өзі ажалға айдау бұл деген!
Өзін-өзі шың басынан лақтырып,
Шыңырауға ұмар-жұмар қатты ұрып;
Жапырақ па, жаңқасы ма, тасы ма,
Көң-қоқыс па, қақпақылдап асыға,
Айдап алып жөнеледі ол жыраққа,
Арнасына сыймас асау бірақта...
Құлағандай құзар шыңның басынан,
Жыр да солай ырық бермей тасыған...
Сонда неге? Неліктен?
Есерлік пе, ермек іздеп еріккен?
Үйсіз-күйсіз пана таппай қаңғырып,
Жүргеннен бе мәңгіріп?
Ашыну ма қаңқу сөзден, өсектен,
Аярлық па, жолымызды кесе өткен?..
Болымсыздық жалғауы бар – «сыз» деген,
«Қосымша» ма – түбірі жоқ іздеген?..
Мен де асығам – шабындық пен шалғынға,
Семіп қалған бақтар бар ма алдымда?
 Баққа барсам гүлге толы маңайым,
Сол маңайдан тіл қатады ағайын:
Қандай ғажап дейді, өмірге құштар боп, –
Зауыт, үйлер, құрт-құмырсқа, құстар көп;
Соның бәрі көрер көзге тым ыстық,
Мүлгіп жатқан мың жылғы өмір, тыныштық.
Ақиқаттың шоғы онда маздаған,
Жалғандықтың күлі де бар аздаған;
Ізгілік те бар дарыған талайға,
Жетпей тұрған бір нәрсе бар, алайда?..
Бой көрсетіп болымсыздық мағына,
Сұрақ болып шығады алдан тағы да?..





Пікір жазу