25.03.2022
  138


Автор: Тортай Сәдуақас

ҰРПАҚ ҰЯСЫ

Аңыздағы қалған ескі маядай,
Үш бөлмелі аласа там аядай;
Қағаз тұтқан терезеден үздігіп,
Қысқы кеште гуілдейді ызғырық.
Жаздың күні, маңайды ымырт басқан шақ,
Май шамның бұл әлсіз жанған, жасқаншақ
Жалынына жан-жағынан үймелеп,
Пәруаналар топ-тобымен үйге енед...
Аңыздағы қалған ескі маядай,
Болды әйтеуір, туған ұя аядай.
Көрдім мұнда алғаш аспан, ай, күнді,
Көгілдір көл, көлкіп жатқан айдынды.
393
Отыратын мені әлдилеп кешқұрым,
Осында алғаш анам даусын естідім.
Көз алдымда көсілгендей кең аймақ,
Әкем жүрген өгіз жегіп, жер айдап.
Енді бүгін кең де жарық үйімде
Жайланамын жатып, жақсы күйім де.
Көрмей өскен тағдырдың еш қысымын,
Тарлық көрмей талпынуда үш ұлым.
Сол баяғы кетсе де озып талай күн,
Қағаз тұтқан терезеге қараймын;
Ызғырық та ышқынады жырақта,
Жыпылықтап жанып біткен шырақ та.





Пікір жазу