25.03.2022
  154


Автор: Тортай Сәдуақас

БАМ-да ТУҒАН ЕКІ ӨЛЕҢ

1. Оянған тайга
Қараңғы түн бұзбағандай қаймағын,
Бөтен тілді білмеген еш аймағың:
Ысқырған жел, өкірген аң бұрын тек
Өмір сүрген өз заңымен – Тайганың!
Өктем үнмен, жарқын нұрмен арайлап,
Қатты ұйқыдан оянды енді бар аймақ.
Құнары мол өз тамыры өсірген,
Өн бойында жастық шақтың қаны ойнап,
Тайга бүгін – жаңа қала көсілген!
Жасыл мүгін жапқан қымтап бүйірге,
Бөрене жар орманшының үйінде;
Ескерткіштей қойған ескі ғасырға,
Қарт қарағай тұр баяғы күйінде;
Заңғар үйлер барады өсіп қасында.
2. Тында
Тында бүгін болды БАМ-ға астана,
Аэропорт, вокзал да бар, асхана;
Ажары да астанадан аумаған,
Ауданның да белгісі бас жас қала.
 Бұл қалада семафор жоқ бірақ та,
Жасыл жарық жанады үзбей күн, апта:
Күні-түні жанған жарық қас қақпай,
Тұрады алда бастағандай мұратқа!
Былтырғы өткен жазда ғана салдырған,
Ағаш көпір көрген жанды таң қылған;
Ескіріпті ол көзіндей боп көненің...
Жасыл жарық жанады ал алдыңнан!..





Пікір жазу