СЕЛЕНГА
Селенга, бейуақ, жағаңа келдім қимастан!
Толқының өбіп, толқи да толқи сырласқан.
Жүрекке енсең жүрерсің мәңгі жанымда,
Сағыныш сазы санамда толқып тынбастан.
Тыңдашы, тыңда, Селенга, сергек көңілмен,
Сырт көзге ғана сұсты боп жүзің көрінген.
Қоштасар сәтте естуге ақтық сөзімді,
Тыншыпты жағаң толқынға шулы көмілген.
Селенга, сені қия алмай кетіп барамын,
Көгілдір айдын мөп-мөлдір тұнық жанарың;
Құмыра толы суыңды тауға апарам, –
Мыңдаған толқын ішінен осы қалауым.
Сақтаймын оны, сеніммен айтам серпіле,
Жанымда жүрсін, сене бер берген сертіме:
Апарып құям көгілдір біздің Аргунға,
Жеткен соң елге жіберем оны еркіне.
Селенга сен де ел менен елді туыс қып,
Жатарсың мәңгі жекжат боп солай тым ыстық;
Алыстан әлі жетермін аңсап нәріңді,
Алдыңа келем, алдымен болсын тыныштық.
Аргунмен бірге аралап таудың тастарын,
Аяулы арман, Селенга аңыз-дастаным;
Арнаңнан көріп ағарсың ақбас тауымды,
Айнаңа салып көгілдір бурят аспанын.