ИӘ, МЕН – АЗИАТПЫН
Ұланы мен де ерікті өзбек елінің,
Ұлымын адал жасампаз жандар жерінің!
Алғандай таңдап тағдырым саған ырзамын,
Тандантқан өзін шетелдік талай мырзаның.
Белгілі, мырза, парықсыз сенің мысқылың,
Қарайсың маған менменсіп, кетіп ұсқының.
Қараған сайын қабағың түсіп, шамданып,
«Азиат...» – дейсің паңданып;
Мен үшін мұның мұқату емес, бірақта,
Одан да сізді тартайын басқа сұраққа.
Жер ортақ бізге, келеміз бірге тыныстап,
Сөйлесер осы кезіміз шығар дұрыстап.
Сыпайы, маңғаз, киімің ол да жылтырап,
Джентльмен – сізсіз, сырт көзге сондай сылқым-ақ.
Таң қалам мен де, өзгерсе күллі дүние,
Қалайша құлақ аспайсыз оның күйіне.
Құл менен құтан көргені мәңгі жоқшылық,
Айналған малға арқасын осып көк шыбық.
Мұнай мен алмас, апиын, құлдар құрт өкпе, –
Салдақы, сорлы, қансорпа болған құр текке.
Көне пұт, лашық – жат көзге қызық-тамаша,
Қара күш, малай, жарамсақ көздер балаша.
Жалба да жұлба қайыршы жанын қайғы ыстар,
Өңкей бір надан, өкпесі тесік байғұстар.
Тірі аруақ болып шалынған әнтек құр көзге –
Азиат деген осындай ма еді бір кезде.
Ер жетіп елі теңіздей шалқар өлкенің,
Еркіндік алып, жайнатқан жасыл өркенін.
Ертеңгі күнге шапағат нұры төгілген,
Еңбекші халқы қарайтын берік сеніммен.
Бұлқынған бұлшық еттері бұзып кісенді,
Толқындай тулап, толысқан шақта күші енді;
Көктемі туып, жайнатқан жаңа күнімді, –
Азиат осы бүгінгі!
Ұланы мен де ерікті өзбек елінің,
Ұлымын адал жасампаз жандар жерінің!
Түсінбей жүрсең ішінде қалың дүрмектің,
Біліп қой енді біздерді, аса құрметтім!
Көріңіз мені – жоқ артық атақ, даңқымыз,
Мендейлер қанша, осындай біздің халқымыз.
Ал оның адал, жасампаз, ерлік өресін,
Адамнан әрбір айнадай айқын көресің.
Орнатып бақша, бақыттың мәнін ұғынған,
Мұратын тауып, еңбекке бейбіт жұмылған.
Орақ пен балға өмірді қайта түлеткен,
Өзі де сонда жасарған жарқын тілекпен.
Кім десең? Тыңда сыйлаған ырыс жұртына,
Сібірдің суын көндірген өзі ырқына,
Тұрғызған заңғар ғимарат, сансыз қаланы,
Осының бәрі мына мен – еңбек адамы!
Кім десең күн-түн жайнатқан байтақ өз елін,
Тасытқан тынбай мата мен болат өзенін?
Кім десең, жол сап уранның зұлмат күшіне,
Парасатпенен жұмсаған бейбіт ісіне?
Кім десең алғаш космонавт болып самғаған,
Марсқа, Айға, ғарышқа шарлап талмаған?
Талпынған әрі талмастан ұшқыр талабы,
Осының бәрі мына мен – еңбек адамы!
Кім десең дамыл таппаған құрыш қолдары
Бостандық, бақыт, өмірдің бейбіт қорғаны?
Ең алғаш жерге орнатқан сәулет асылдан,
Мұратын ұлы жандардың іске асырған?
Осының бәрі мына мен – Отан ұланы:
Белорус, эстон, грузин, өзбек – бір әні.
Кемеңгер ойы, қырандай жіті жанары,
Ертеңнің ері – осындай еңбек адамы.
Менікі бәрі! Мұндағы дала, белдер де,
Кырым мен Памир, заводтар, бақша, көлдер де...
Шуаққа тұнған осынау биік белесте, –
Сіздердің «азат әлемің» түрме емес пе?
Жанымда түлеп көгілдір көктем, жастығым,
Шыңдалған шымыр, шаттықтан күлем рас бүгін.
Еңбек пен өмір іңкәр қып қайта түледім,
Азиат – азат, азапта азып жүр едім.
Атынан айтам – Азия байтақ! Ол деген, –
Ежелгі мекен шетсіз де шексіз көлбеген,
Белдерден бастап күрішті, асқар таулары,
Яваға дейін мәңгілік жасыл баулары.
Жоқшылық шырмап, сан ғасыр түнек жайлаған,
Қаны мен тері сорғалап, соры қайнаған,
Бұғауды бұзып, бұқара халық бұлқынған,
Жарық та жарқын таңдарға енді ұмтылған!
Ұланы мен де ерікті өзбек елінің,
Ұлымын адал жасампаз жандар жерінің!
Таңсық боп сізге таңданар енді не қалды, –
Шамданбай, мырза, үрейді жеңші ең алды...
Тек қана енді сезіндің менің күшімді,
Өшіру қайда бірақта өжет ісімді!..
Азия таңы арайлап атқан бұл күнде, –
Өшіру оны мүмкін бе!
Тегімді содан именбей атап өзім мен,
Досыма – мақтан, дұшпанға – қияс сезіммен,
Оянып намыс, ар-ұят
Айтамын әр кез, айтамын:
Иә, мен – азиат!