25.03.2022
  128


Автор: Абдрахман Асылбек

Түлкібұлаң

Сатушы Түлкі болды,
Алушы жұрты болды.
Жасырған сөре астында
Көл-көсір мүлкі болды.
Қоян кеп сәбіз сұрады,
Маймыл кеп сағыз сұрады.
Түлкі айтты:
– Түспей тұр-ау,
Болуы парыз, шырағым.
Елік кеп шай сұрады,
Борсық кеп май сұрады.
Түлкі екең:
– Түспей тұр, – деп,
Құлағын қайшылады.
Қабан кеп нан сұрады,
Аю кеп бал сұрады.
Қомағай Қасқыр келіп,
Жая мен жал сұрады.
Түлкі тым ерке болды
Жауабы келте болды:
– Еш нәрсе түспей тұр, – деп,
Сөйледі серпе қолды.
Дүкеннің тесігінен,
Бірде артқы есігінен
Зытыртып жатты бәрін
Өзінің шешімімен.
Арттырып Арыстанды,
Қарқ қылды таныстарды.
Бірақ та, бұл құрметтен
Басқалар алыс қалды.


 





Пікір жазу