25.03.2022
  195


Автор: Абдрахман Асылбек

Қасқыр мен түлкі

Жапанда Қасқыр жорытты,
Түлкіге барып жолықты.
Ақтарып сырын алдында,
Азулы арлан торықты:
– Талайдан жолым болмай жүр,
Басыма бақыт қонбай жүр.
Өлтіре сынап Крылов,
Тірлігім содан оңбай жүр.
Қоралы қойға шапқанда,
Түсемін бірден қақпанға.
Барады құрып тұқымым,
Басқалар өсіп жатқанда.
Түлкі айтты:
– Илан мынаған,
Крылов деген бір адам
«Қулық, – деп, сенің сыбағаң»,
Мені де қатты сыбаған.
Емеспін кенде күнәдан,
Біледі жақсы мұны адам.
Сорлаған жоқпын сонда да,
Келемін әлі дін аман.
Қорқаулық, көзсіз, ерлігің –
Ендігі жерде кемдігің.
Қулық пен асқан айланы
Асырар іске келді күн.
Жүрекке жылы, жұғымды
Бұл сөзді бөрі ұғынды.
Айналды лезде Түлкіге,
Өзгертіп тонын бұрынғы.


 





Пікір жазу