24.03.2022
148
Сауысқанның сәлемі
Талай жерді тауысқан,
Талай жерге ауысқан
Ала қанат Сауысқан
Хат жолдады алыстан:
– Айналайын ағайын,
Атқан таңым – арайым.
Ақтарайын сырымды,
Ашып жанның сарайын.
Мұғалім ем беделді,
Елден ерек жегем-ді.
Жетелеп ем, жебеп ем,
Жемтігім мол дегенді.
Айтар болсам төтелеп,
Келгендер көп көкелеп.
Байғұз маңғаз бір күні
Алып шықты жекелеп:
– Қасыма ерткен ұлым бар,
Қалтам толы пұлым бар.
Оқу керек балапан,
Тілегімді ұғын дәл.
Көзді жұмып:
«М...м», – дедім,
«Кемінде бес мың», – дедім.
Одан әрі тастүнек,
Не болғанын білмедім.
Мең-зең болған сол күймен,
Бір-ақ шықтым тор үйден.
Бүркіт қатты бүріпті,
Басыма сол сор үйген.
Айналайын ағайын,
Айтқан тілді алайын.
Құтқарсаңдар бәледен,
Шыбын-шіркей қағайын.