24.03.2022
  143


Автор: Тортай Сәдуақас

ТҮНДЕ

В. Фирсовқа
Ай астында айдай әлем, – Көрер көзге тым ыстық.
Үрей де жоқ, дүлей де жоқ, Тамылжыған тыныштық.
Күркіреген күнді елемей, Марғау тартып ертесін,
Шатырлардан су тамшылап, Ұйқымыздан тұрыстық.
Адамдар ше, ер көңілді, Ебін тапқан егістің,
Бала өсіріп, болат қортып, Жиған бәрін жемістің.
Қалмағандай соғыс табы, Жайпап өткен жер үстін,
Көңілдерде қалған мәңгі, Ізі кетпес беріштің!
Уақыттың да қадамы нық, Шартарапқа шарқ ұрған, –
Сыр бергендей жұмыр жер де, Дем ала алмай алқынған.
 Ескерткіш деп ел ағылар, Өткен күнді еске алып,
Ертеңді де салады еске, – Бейіттерде – сан құрбан.
Жайдан-жай ма, көңіл күпті, – Астан-кестен басталған;
Ұйқым қашып шошып тұрдым, – Жастығыма жас тамған.
Маған оңай тиген емес, Аржағында мұхиттың –
Сәбилердің еңіреуі, Жапа көріп, жасқанған.
Айып таққан ешкім де жоқ, Түйгенім сол көңілде.
Ағайынның ала жібін аттамадым өмірде.
Уақыт шіркін жеті түнде жеткізгендей көзімді,
Түсіме енген бақыт-сордың жолығарын өңімде.
Көз ілместен таң атырған мен дейсің бе жалғыз-ақ?!
Адам қанша жер бетінде ізгі арманға мәңгі жақ!
«Бейбіт аспан нұрын шашсын» – Деп тілеген әлемге:
Құт әкеліп жел мен жаңбыр, Жебейді деп таңды ұзақ;
Ай астында айдай әлем, Таңмен жайнар көбінде.
Аспан мен жер ортақ бізге, Күн де соның төрінде,
Ең ғажайып планета емес шығар бұл, бірақ, –
Басқа жоқ қой, Жоқ қой басқа өмір де!





Пікір жазу