24.03.2022
  109


Автор: Тортай Сәдуақас

Жасыл бақша....

Жасыл бақша жастардың бір мекені, –
Жанды елемей, аймаласты екеуі.
Әлгілерге естілсін деп үш кемпір, –
Отырып ап жорта әңгіме етеді:
«Жастар осы жұрдай болған ғұрыптан!
Жабысып ап ар-ұятты ұмытқан.
Біз де жас боп, білдік жайын сүйістің,
Бұта кезіп бұлайша кім құныққан!»
«Оны айтасың! – деп сөкті өзге екеуін,–
Маған салса, мына сотқар не теңім?!
Ұзатылып – келін болып өз басым,
Сонда білгем сүйістің не екенін!»
«Бос сөз бәрі! – деп үшінші кірісті,–
Келіншектей қутың қаға тиісті,–
Көрген іс қой, қайта оралса, сол дәурен,
Көрсетер ем оларға мен сүйісті!»
 Кемпірлер де кепті созып талайға,
Ештеңені елемеді маңайда, –
Қайтіп, қалай сүйіскенін еске алды,
Әлгі екеуі отырды үнсіз алайда...





Пікір жазу