Орыс ақыны Юрий Поройковтың шығармашылығынан
Көктемде жиі түс көрем, Енеді түстер қайдағы, –
Біресе бұлты торлаған, Біресе күндей жайдары;
Біресе тылсым сыр ашқан, Тіл қатпай кейде томсарып;
Үрей мен қызық ұласқан, Кей кезде тұйық соншалық.
Үйіріп дауыл біресе, Біресе – жалын, бірде – мұз;
Кептерге кейде ілесе, Қарғалар қайдан жүр деңіз? –
Сембейді жағы мұның да, Мезі еткен әбден құлақты.
Жақсы түс – жақсы ырым да, Өңіңде болған сияқты.
Ақшарбы бұлттар әр күні, Көлбеген жүзіп көгіңнен;
Көктемде соның барлығы, Өң менен түстей көрінген.
Үмітің ізгі алдамай, Жеткізер арман-талапқа.
Көп нәрсе жүрген аңдамай, Танылар сол бір заматта.
Қалғысаң бейқам сен егер, Көз жаздым дей бер түрінен...
Минуттар мүлгіп жөнелер, Сүрініп сағат тілінен.
Шытынап шыны уақыт бұл, Оралмас қайта ол саған.
Жаныңа сепсе жақұт нұр – Жарқырай түсер ой-санаң.
Болмыстың сырын білгізді ол, Ашты да көзін талайдың:
Дірілін сөнген жұлдыздың, Тынысын жасыл тоғайдың...