ТАРАС ШЕВЧЕНКО ҚАЗАСЫНЫҢ 23 ЖЫЛДЫҒЫНА
Бас идім, жыршым, жырлаған халық тағдырын, –
Талай мың жаннан, тілектес болған кезінде,
Украинаның атынан, шеккен зарлы мұң,
Өміріңді арнап, куәсі болған өзің де!
Бейітің жатыр, етеміз тағзым басыңа!
Бұза алса оны көрсоқыр жауыз шоқпары!
Бәрі де бекер!
Төксе де кәрін ашына,
Үзілмес саған халықтың салған соқпағы.
Тұрар деп қайта, өлердей ездер қорқады,
Сүйегің асыл, жатқандай ашық көздерің.
Керек бір сәтте Отанға келіп ортаны, –
Оятар сынды күркіреп күндей сөздерің.
Оларға үрей, жатаған тамға көмілген,
Тот баспас сынды көрде де қанжар, көк сүңгі;
Ежелгі даңқы келердей, міне, көрінген,
Украинаның еліне көрген көп сынды.
Қорқады олар, шіріген кірес қанша жыл
Айғағы болған жәбір мен жапа, жылаудың,
Басыңда сенің жаңадан тұра қалса бұл, –
Украина бұзардай шебін бұғаудың.
Көкуде содан келгендей пасық шешімге,
Қорлауда әлі, өтсе де зармен өмірің;
Есімің тіпті қалмасын деумен есінде, –
Суытпақ сенен шер буған елдің көңілін.
Жырлаған өзің, жылаған ана тіліңе,
Сұмдықты қарғап, махаббат сырын толғаған;
Ұялас тазы – арсыздар өңкей түбіңе
Жетпекші болып, тіміскіп жүр ғой оңбаған.
Әмірші біткен кәрленіп зорлық іздеген, –
Ұйғарып қойған бар шығар үкім – хат, жазба:
Сүйегің сенің «саяси сенімсіз» деген, –
«Айдалмақ» болған Сібірге яки Кавказға.
Жырыңды – бізге жұбаныш болған шетінен, –
Жүректен – жыртып, шығарса естен ел тегі?
Ақынды сызып тастамақ тарих бетінен,
Жар салмақ сосын: «Шевченко деген – ертегі».
Аңыз ба, жо-жоқ!
Еменнен сол бір керемет
Қара орман өсті, қанатын жайып найқалған.
Үйіріп дауыл, жай түссін мейлі, не керек,
Кезі жоқ оның жығылып, сынып, шайқалған.
Тұншығар жырың, тыға алмас көрге бірақ та!
Жайса да жалған жарлығын, өсек-сұмдығын;
Қаналған сайын, қамалған сайын сынақта,
Естілер өзің айтатын мәңгі шындығың!
Жақындап қалды жайдары таң да жазда атар!
Бақытты ғұмыр кешетін кәрі-жасы да.
Украинаның ерікті елі қаз-қатар, –
Барамыз тағзым еткелі сенің басыңа.