24.03.2022
  383


Автор: Тортай Сәдуақас

ШЫНШЫЛ ЕРТЕГІ

(Галицк көріністерінен)
Шығып алған мұржасына шатырдың,
Қарға үнінен бір жаманат тарайды, –
Диқан әкей сәуегөйге қарайды:
Тағдыр кәрін көріп тағы жатыр кім?!
«Ей, құзғын сол, қарғыс атқан, қаншама
Егіншілер жоқтық тесіп арқасын;
Шарапхана қағып алып қалтасын,
Жол бойында қайыр тілеп шаршаған?»
«Бір, екі, үш...» Сана мейлі, санама, –
Құзғынның да жағы сембес қарқылдап.
«Не тап болад?» Қой, үндемей артын бақ,
Қапа болып қалма мұң мен налаға!
* * *
Шығып алған мұржасына шатырдың,
Қарға үнінен бір жаманат тарайды, –
Қарт ана да жәдігөйге қарайды:
Тағдыр кәрін көріп тағы жатыр кім?!
«Ей, құзғын сол, қарғыс атқан, қаншама
Ақ шашты ана ажал күткен ұлдарын;
Қан майданға аттандырып тұрғанын, –
Көремісің, зар айтқанын жар сала?»
«Бір, екі, үш...» Сана, мейлі, санама, –
Құзғынның да жағы сембес қарқылдап.
«Сұңқарым сол!?.» Қой, үндемей артын бақ,
Сорлап жүрме жоқтау айтып балаңа!
 * * *
Шығып алған мұржасына шатырдың,
Қарға үнінен бір жаманат тарайды, –
Жәдігөйге жеткіншек ұл қарайды:
Тағдыр кәрін көріп тағы жатыр кім?!
«Ей, құзғын сол, қарғыс атқан, қаншама
Жас ұландар қыршынынан қиылған,
Топырағы бұйырып шет, қиырдан,
Мерт болуда жау қолынан самсаған?»
«Бір, екі, үш...» Сана, мейлі, санама, –
Құзғынның да жағы сембес қарқылдап.
«Не тап болад?..» Қой, үндемей артын бақ,
Боздағым деп ару боздап қала ма?!
* * *
Шығып алған мұржасына шатырдың,
Қарға үнінен бір жаманат тарайды, –
Қызы бұл да сәуегейге қарайды:
Тағдыр кәрін көріп тағы жатыр кім?!
«Ей, құзғын сол, қарғыс атқан, қаншама
Қыз атаулы жоқтық көріп жасынан,
Пана таппай, ерік кетіп басынан,
Қиын жолға түскен сөзге қалса да?»
«Бір, екі, үш...» Сана, мейлі, санама, –
Құзғынның да жағы сембес қарқылдап.
«Не тап болад?..» Қой, үндемей артын бақ,
Тумағаның жақсы еді одан садаға!
* * *
Мұнда – анасы, онда әкесі күрсініп,
Ағасы – бұл, қарындасы ол тұр сұлық,–
Тар лашықта бақытсыздық орнаған:
Үрей билеп үй-ішін бұл жарлының,
Қиын-қыстау жол күткендей барлығын,
Жағы сембес құзғынның да оңбаған...





Пікір жазу