24.03.2022
  168


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖАСАМПАЗ ӘН

Еріккен бала ермегі, –
Бос қиял емес, елес құр;
Шықпаған даңқы ер ме еді?!
Албырт та сұлу емес бұл;
Күйдім де сүйдім емес бұл,
Жел – шуы, толқын – жарды ұрған.
Түйіні сөздің ел естір, –
Жасампаз жүрек жаңғырған.
Жақын ғып сында жанды ізгі,
Қоңырау болып шақырған, –
Содан ба, өжет ән бізді,
Жебейді оқтан атылған.
312
Жалын бұл – жанар жасқаған,
Жылытқан әрбір адамды;
Серіппе – алға бастаған,
Жігермен отты, табанды.
Малынған алтын, күміске,
Емес бұл мырза, бірақ та;
Жұпыны, қайсар жұмыскер,
Еңбекпен жеткен мұратқа.
Сыр бермей шерлі көңілі,
Тынбастан шалқып шарқ ұрған;
Бейнелеп мынау өмірді,
Бейнетқор сынды талпынған.
Басымды имен дегендей,
Бұлттарға маңғаз қараған;
Қорғанда – алып емендей,
Жартастай толқын қамаған.
Ұмытпай ұрпақ қамын да,
Үмітпен ізгі пәк қарап;
Көлеңкесіндей жанында,
Жылжиды жылдар қат-қабат.
Адаммен жаны жарасып,
Бөліскен мұңын о бастан;
Қайғырып, соған жаны ашып,
Жарыққа қарай жол ашқан.
Сөкпендер әннен жерініп,
Сөздері қарапайым деп;
Сүйіндер оны беріліп,
Жаныңмен ұғып, уайым жеп.
Қорықпа кейде тыңдап ән, –
Ыңырсып жеткен әуенге;
Жүректің шерлі мыңдаған, –
Дүрсілі осы бар әнде.
 Дүрсілге осы көңіл бұр,
Дабылын қаққан түнекте;
Жалынын сүйсең өмірдің,
Ұялар ән де жүрекке.





Пікір жазу