![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-03-18-19-43-03.png)
ТАБИҒАТ АЯСЫНДА
1.
Табиғат-ана!
Шеберсің мұнша сен неткен!
Жайқалған байтақ жазираң жанды тербеткен,
Өмірді бірақ тұйықтап тап-тар клетка,
Қуыста құйттай ержеткен.
Қиялды арбап мәңгі бір елес аяулы,
Бересің тірлік біздерге – минут санаулы.
Ғажап от пенен арман, мұң беріп соңынан,
Екпінді басып, кетесің күл қып алауды.
Шынында өзің суытып сезім-көңілді,
Дүииеқорлықпен сығымдап келдің өмірді.
Түңілтіп мүлде, күйдіріп ұшқан қанатты,
Жайдың да бұғау, торынды...
Арланбай, ана, тасбауырлыққа бастың ба?
Жақсының бәрін жақтырмай түгел шаштың да;
Асылдай сақтап нені енді мақтан етпексің, –
Доңыздар аяқ астында.
Көрмейсің неге (ашсаңшы сәл-пәл – көзің мың!)
Қаншама қайғы, – таусылған тұсы төзімнің,
Қаншама азап қатыгездікпен әкелдің, –
Ең ғажап, нәзік туындың үшін өзіңнің?!
Сезбейсің неге (саңылау жоқ па басыңда,
Әлгі өзің жасап шығарған ұзақ ғасырда!)
Құрт-құмырсқа, арналған шыбын-шіркейге,
Қалыпты бұзар болды ғой кезің расында.
Оларға жасар ысырапшылдық пен үнемің,
Адамға жат қой, жылытпас адам жүрегін,
Беймәлім сынды рояльдің тілі есекке,
Адамға жақпас бұл емің.
Ойланшы, ана!
Бетінде жердің бұл алып,
Тіршілік өнсе жасампаздығыңнан нұр алып;
Сарқылды күшің, Sturm ind Drand14;
Қуатың кеміп, жылу мен нәрің суалып.
14 «Дауыл мен тегеуірін» (неміс.) – неміс әдебиетінде XVIII ғасырдың
соңында жалған классикалық кертартпа бағытқа қарсы пайда болған
ағым. Белең алған беделдерге қарсы жас күштердің жаппай бас көтеруі
деген мағынада.
Жеткенше шамаң жасаған мықтап, шегелеп,
Өзіңе біткен өнердің шыңы керемет, –
Адам ғой, одан артықты тағы жасауға,
Талпынсаң қанша қолыңнан келмес, не керек.
Баяғы Ягве15 сынды бір ойға тұрақта:
(Жарықтық қатал, күмәншіл болған бірақ та!)
«Еркіндеп енді дем алам!» –дейтін кезің бұл,
«Тындырып бір іс жеттім, – де, – міне, мұратқа!»
Бекзатқа осы жасашы нағыз пейішті:
Алма да інжір, бермей-ақ ешбір жемісті;
Жұмақ ет жанын – сезімтал, еркін, келісті,
Білім мен талап, мақсат пен игі бер істі!
Ғасырлар бойы Анашым, қайран, анашым!
Мұрынын тескен тайлақтай сүйреп барасың;
Қиялдан туған жұмақпен, өлмес өмірмен, –
Арбаумен бізді асусыз шөлге саласың.
Елеске ертіп, селдеттің қан мен жасымды,
Өртеніп адам, табанға талай басылды.
Балқыған темір шоқтай боп тәнін шыжғырып,
Азапқа батып, талай мың жандар ашынды.
Елестің сырын ақыры білдік, бал ашпай,
Қайғысыз, қансыз қиялдан туған таластай;
Мысықтай көрген айнадан түпсіз тұңғиық,
Шыныға өзі жақындап келіп жанаспай.
Салтанат! Шуға беріле,
Талай мың жылдар сел болды адам тері де;
Мәдениет дамып ақыры зорға жеттік біз,
Мысықтың әлгі әп-сәтте жеткен жеріне.
Айнаның бақсақ, түбі жоқ деген сөз жалған,
Жоқ екен мұнда сиқыр да, сыр да өзге алуан:
Мысыққа ұқсап сезіндік сонда, бұл деген
Қас қағым сәт пен атомдар екен қозғалған.
15 Ягве – Иегова – еврейлердін құдайы.
Пысқырмас енді тас түйін жандар жиналған,
Керексіз бізге қияли тілек, қилы арман;
Қиямет-қайым, керемет деген келешек,
Қажетсіз енді өзіңнен әлгі сыйға алған.
Бұрынғы, ана, жақсының бәрін жек көріп,
Жайпауға түгел дайын ғой тисе көпке ерік.
Қастерлеп ерек, зор тұтып адам өмірін,
Ескінің бәрін қиратып тынбақ кектеніп.
Анашым, бұған күлдің бе?
Өзіңе аян, мүмкін бе осы бұл күнде;
Қас қағым сәтте өтетін күдік сезім бұл,
Талайлар өткен – ойлаған солай кім-кімде.
Өзіңе аян: біз сенің өскен жемісің,
Ұсақ та ерке, күйгелек, бәлкім, сен үшін,
Бәрібір сенің түлегің болып, аяулым,
Сүюге және тиіспіз біздер сені шын!
Осалдау тұсың – ойға алып жатсақ саралап,
Сенімнің ескі пердесін үзіп, жаңалап,
Тұманды аршып, көрсеткен сені аңыз қып,
Жақындау келіп жайыңды көрдік жағалап.
Ұғындық солай шаруаның жайын өзіңдей,
Тұмшалап алған тұманды кезіп, көз ілмей,
Қаншама ғажап, сұлулық таптық, төрінде, –
Ақыл мен жүрек шарқ ұрған шалқар теңіздей;
Бәрінен бұрын өзімізді таптық біз деген,
Қайнарын аштық көңілдің, көптен іздеген.
Талап пен тілек, мақсаттың сырын ұғындық,
Заңыңды, ана, салтыңды білдік үзбеген.
Түстегі елес, мәңгілік қиял сырыңда, –
Ұқсастық сипат бар екен, бақсақ шынында,
Құбылыс ортақ Ниагараның шуында,
Жұлдыздар, яки Гималай асқар шыңында.
Сол кезде іле жүгіндік іштей талғамға,
Түстедік іздеп, жат болып сыртта қалған ба:
Үйлесім менен мәңгілік және шексіздік,
Ажары кетіп, тозған ба мұрат-арман да.
Құбылып жатқан қас-қағым сәт қой өмір де,
Мәңгілік бірақ орныққан біздің көңілге,
Бірыңғай күрес, болса да өмір, қан майдан, –
Әртектілікті қалайды рухың көбінде.
Талап та, күш те, дыбыс та бояу көп тегі, –
Құлақкүй ортақ – арфаның қанша шектері,
Қас қағым сәт боп жарқ еткен әрбір бояуың, –
Алмас боп жанар мәңгілікті аян еткелі.
2.
Қақпасын ашып шығыстың,
Кілеммен қызғылт, арайлы:
Келеді шығып күміс күн,
Патшадай бетке ап сарайды.
Қарады біздің әйнектен,
Аулама енді жайдары.
Жаныма қапа, қайғы еккен,
Мыстанды қуып, айдады.
Тіміскіп тыншу түнімді,
Мазамды алды бұл мыстан.
Із аңдып, ойым, тілімді,
Улауға арбап тырмысқан.
Жайлап ап жанжал үйімді,
Кітаптің өзі кәдімгі, –
Сүліктей шағып миымды,
Аямай сорды қанымды.
Албырттық – айбын болмаса ол,
Дос емес болса ол – баукеспе;
Жаңсақтық – долбар ол да сол,
Жат болып шықты – жоқ па есте.
Осылай мең-зең манаурап,
Майшамын санам сөндірді.
Түсімде сиқыр тағы арбап,
Еркіне мүлде көндірді.
Жалындап сүйген сәттерім,
Қиянат-қысым байқаған;
Алданған кезім, «әттеңім»,
Түске енді бәрі қайтадан.
Жас күнгі тамған көз жасым,
Гүл болып жайнап өсуде;
Баяғы көрген өз басым,
Тар жолда, тайғақ кешуде.
Жаутаңкөз жетім талабым,
Жүр екен жұтап киімге;
Төсінде жапан даланың,
Жоқ іздеп жортқан күйінде.
Балдырған сенім тек қана,
Оты өшкен өртең секілді:
Күл менен күйе қап-қара,
Шөп-шалам басқан не түрлі.
Сиқыр да кетті жоқ болып,
Кіргенде күліп үйге күн!..
Ояндым, мұң мен дерт қонып,
Бүгін бе жалғыз, күйгенім?
Тұрса да тағдыр қыспаққа ап,
Қарт емен! Қайсар үмітім.
Қолыңнан келсе, істеп бақ!
Күресем тынбай күні-түн!
Қарт емен! Күш бар, дайынмын,
Кешуден тайғақ қорықпан!
Ырқына көнбей уайымның,
Мен емес жүнжіп торыққан!
3.
Өлкені шарлар жел ескен,
Қожайын сынды көңілді;
Тербейді есіп белестен,
Егіні піскен өңірді.
«Ашық қыл, – дейді алаңдап,
Масақтар иіп басын да, –
Келгенше Петр амалдап,
Қалмайық жауын-шашынға.
Пейілі түсіп тағдырдың,
Ұрынбай тұрсақ бұршаққа;
Мезгілсіз суық жаңбырдың,
Жауғаны жаман бұл шақта.
Үймелеп бұлттай ұшқанда,
Шыбын мен шіркей қонбасын;
Жем болып олар құстарға,
Дәніміз шығын болмасын.
Пісейік еңіс, қолатта,
Доғадай жерге иіліп.
Серпілсін еркін орақ та,
Тасысын ән-күй құйылып.
Ашық боп күн де тұрса екен,
Береке басы болғандай.
Мұқтаждық білмей жүрсе екен,
Селода сансыз сормандай.
Өлкені кезер жел деген,
Қожайын сынды көңілді.
Масақты майда тербеген,
Аралап құба өңірді:
«Мерзімін сал тек есіме.
Ашық күн болад қалайда.
Жарлыға жауар несібе,
Не қайыр одан алайда!
Мезгілсіз суық жаңбыр да,
Төпелеп сені ұрмайды.
Қара бұлт қарлы, қаңғырма,
Төбеңде төніп тұрмайды.
Шыбын мен шіркей қонбай-ақ,
Жем болды қайтқан құстарға.
Қалдың ғой бірақ оңбай-ақ,
Үш бірдей тап боп дұшпанға.
Қайтсе де жасар қыспағын,
Өлсең де кетпес шалығы:
Шығын мен қарыз – дұшпаның,
Бар және түндік салығы.
Осылар әрбір аулаға,
Көр қазып, көпті қамай ма, –
Күш қылар мұндай жауларға,
Дәрмен жоқ бізде алайда!»
4.
Кеп қалды бір бұлт түстіктен,
Шеп құрған қолға балаған:
Көкті орап тудай құс біткен, –
Тау жақтан қағып барабан.
Тау жақтан қағып барабан,
Кернейлі үн көкте саңқылдап;
Найзағай – қылыш қамаған, –
Түнекті тілер жарқылдап.
Түнекті тілер жарқылдап.
Жанарды жасқар келді лек:
Тау мен көк мұңға шарпылмақ,
Гүрс ете қалса, ал зеңбірек.
Гүрс ете қалса, ал зеңбірек,
Оқ-дәрі дей бер салды ойран, –
Өксірсің, аспан, сен жүдеп,
Көз алдың болып қан майдан!
5.
Село жатыр жайлап таудың етегін, –
Дірдектеген тұман басқан мекенің.
Қап-қара боп алдындағы белеңнен,
Ұстахана көрінеді көнерген.
Ұста болса басып қойып көрігін,
Ізгі үмітпен жұбатады көңілін:
Темір иіп, тынбай өзі салады ән,
Адамдарды шақырғандай даладан:
«Уа, келіңдер, ойдан-қырдан, ағайын,
Сомдалуда мұнда тағдыр, талайың.
Шықсандаршы еркін жатқан бөктерге,
Көк тұманға көмілгенше, көкке өрле!»
Ал селоны соқыр тұман қамады,
Бірте-бірте қоюланып барады:
Құрды еңіске перденің сан қабатын,
Адамдардың жолын кесіп баратын.
Адастырып адамдарды соқпақтан,
Шың басына шықпасын деп тоқтатқан.
Келмесін деп бұл ұстаға, сорлыға, –
Қару соққан – шынжыр, кісен орнына.
6.
Тұмшалаған тұман басып келеді,
Днестрде қаулап өскен шалғынға;
Ту көтерген жасақтай боп төнеді,
Атамандай қалың қолдың алдында.
Аттан салып, дабыл қағып майданға,
Сауыттарын сарт-сұрт ұрмас, ал бірақ,
Өзінше мәз күңгірт перде жайғанға,
Қызыл талдың бұтақтары салбырап.
Қалжыраған, бос ойыннан жалыққан,
Тек село бұл тұңғиыққа батқандай.
Уайым ғана – дорба асынған, жабыққан,
Қайыр сұрап кетіп бара жатқандай.
7.
Арналы өзен бойында, Отырдым биік жарында;
Ойқастап бірге ойым да, Көз тігем қатты ағынға.
Толқындар асау ентіге, Шарқ ұрар, шалқыр, шалпылдар;
Желегін талдар желпіген, Сусылдап күнге жарқылдар.
Бұрлыстан бір сал көрінді, Ақырын толқын айдаған.
Көмкерген көкшіл өрімді, Тербеліп, билеп ойнаған.
Сықыр да шыңыл естілмей, Ескегі тілген толқынды.
Ескекші – салған кескіндей, Мыңқ етпей қарап ол тұрды.
Бірі ән сап, бірі қоштаған, Саз тарап салдан алапқа:
Толғаны қашан тостаған, Хош иіс таза шарапқа.
Жас жанар жалын атқандай, Қызыққа тұрған қаталап...
Ән, әзіл, той қып жатқандай, Сұлулық, шаттық, махаббат.
Қарасам ойым қайрандар, Кеудемді алды-ау шер меңдеп.
Баяғы қайран армандар, Алдымда тұрсың сендер кеп!
Сан рет сенің артыңнан, Жүгіргем көлдеп көз жасым.
Жете алмай бірақ алқынғам, Міне алмай салға өз басым.
Жоқ, енді сенің соңыңнан, – Сандалман! Іздеп бәлені;
Жастарды, туған оңынан, Қуантсын арман әлемі!
Қараймын құздың басынан, Ән мен күй кетпей құлақтан.
Салынды мұнар жасырған, Қарасын үзді жырақтан.
Қиялдап, жаным қаяулы, Ағынға қарап мол тұрдым.
Саусағын көрдім аяулы, Ішінен кенет толқынның...
Таныдым аққу мойынын, Басылған оттай бұл көзге...
Шіркін-ай! Болмай тойымым, Құшушы ем оны бір кезде.
Сол ғой бұл, сол ғой ардағым, Жасымда еткен шерменде!
Баяғы қайран арманым, Келесің өшпей кеудемде!
Ғайып боп, қайта арбауда! Атылдым суға соңғы рет;
Елесін оның қармауға... Арманым бірақ болды мерт.
8.
Қалғыған село. Әйнектен, – Сәулелер ойнап ұшады.
Салқын леп бар тек майда өпкен, Білінген күздің нышаны.
Жемісі молдан жиналып, Жеңілдеп қалған бақтар да.
Қызыл тал суға иіліп, Ұйқыға үйлер батқан ба?
Өзен де марғау ағады, Суында сұс бар суық бір.
Шарбақпен бойлай жағаны, Кендірмай өскен тұнып тұр.
Шошақтар, баулар, маялар, Мұнара сынды жолдағы.
Қайғы мен мұңнан саялар, Селоның сынды қорғаны.
Келеді мүлгіп еңіске, Соқасын ерте сайлауға:
Егінші, – күздік егіске, – Тыңайтып жерін айдауға.
Сабанға жусап бар табын, Қара мал маңай қаптаған.
Мәз болып, қақтап картобын, Малшылар ғана жатпаған.
Шуламай қалың орман да, Салған жоқ күзгі әніне.
Қораға қонып сол манда, Қарлығаш ұшқан әлі де.
Төңірек бейжай тербеген, Теңіздей мүлгіп жатқандай.
Қайғының өзі шерменен, – Ұйқыға қалың батқандай.
...Ұйқысын бұзба елпектеп, Қара бұлт, қалың жауыным.
Жата тұр, күзгі жел тентек, Жұлқыма келіп, дауылым!
Тынықсын жандар шаршаған, Бір сәтке шері тарқасын.
Қайғы мен қамнан қаншама, Босатсын жауыр арқасын.
Өгіздей батқан азапқа, Доғармай жарма, жетегін,–
Сезінсін, мейлі аз-ақ па, Өзінің адам екенін.
Інжудей соған арналған, Жарқырап қалсын жыр да бір:
Басталған құтты арнадан, – Табиғат аясында бұл!
9.
Төңірек жым-жырт. Түн алда. Қалғыған қала, қырат та,
Көмілген күзгі тұманға: Дүрсілдеп өткен тұяқ па,
Кезбе ме жүрген жырақта, – Жетеді талып құлаққа.
Күңгірт шам, дел-сал шағыңда, Аруақ кеп аян бергендей:
Қақпақ боп қонған шаңын да, Жүректі тінте келгендей.
Аралап тұла бойымды, Шырмайды келіп ойымды.
Күндізгі уайым, керісің, Қаптаған шаруа, алаңың;
Сүріну менен жеңісің, Іздеген үміт, амалың;
Тірлігің бітпес, тынымсыз, – Тұманға ұқсап бара ма;
Түн басып төніп тұр үнсіз, Қалжырап жатқан қалаға.
Біртіндеп содан күн шығар, Нұрлана түсер көңіл де.
Сыңғырлап нәзік үн шығар, Ізінше тыншу өңірде.
Үйлесім туып әдемі, Жарасым тапқан алаптан:
Басталып құстың әуені, Бұтаққа бұтақ таратқан.
Бейнелер алуан көрініп, Қиялға сонда елестер.
Алтын нұр тауға төгіліп, Көсілер көгал, белестер.
Күмістей өзен басталған, Құлама жартас, жарлауыт.
Шыңырауға аттар баспалдақ, – Сияқты жолдар шаңдауыт...
Көшелер алға ұмтылған, Көмкеріп үйді бақ-тағы;
Гүлдермен алуан құлпырған, Ашсаң да қайсы қақпаны.
Соқпақтар озып барады, Қапталдан жұпар еседі.
Жүзімнің бойшаң сабағы, Ауланы сәндеп өседі.
Тұрғам жоқ көріп мұны шын, Осының бөрі – көңілде.
Бояуын, исін, тынысын, Сезінгем мынау өңірде.
Ойлап бұл тапқан өмірім, Жасаған оны мен де емес, –
Бар онда титтей көңілім, Қиялға сондай келді елес!
Болмысым барлық тұр екен, Суреттен әлгі сезіндім;
Ие боп бәрін жүр екем, Жүзгіш те толқын – өзіммін...
Терезе жақтан жасыл бұл, – Көрінді ол кенет тағы да;
Бейуаз бейне асыл бір, – Ежелден жақын жаныма.
Сол жанар жатқан астасып, Үміт пен қайғы ашынған;
Қапамен өткен жас ғашық, Сұм тағдыр ізін жасырған.
Қызарып ерні, не керек, Бір ауыз сөзі арнаған:
Естіліп сондай керемет, Айналып басың, арбаған.
Қиылған сол бір қастары, Қағылез қалпы сақтала;
Қырмызы жүзі жастағы, – Шырақтай жанған шахтада.
Күлкі ойнап сирек өңінде, Шаттықты білмей жасқанған;
Қайғылы сәтте көбінде, Көзінен жақұт жас тамған.
Ақылға жомарт керім бір, Баяғы сол бір ақмаңдай;
Сезім мен ойдың елін бұл, Еркіндік билеп жатқандай.
Жарқ етіп ғажап сол бейне, Ғайып боп кетті, алмасты.
Білекке ұқсап зор бейне, Алқымнан алып жармасты.
Талпынбай жүрек қала ма, Жұлқынды, байғұс, ұмтылды;
Қалсын деп сіңіп санада, Бейнелер әлгі сүйкімді.
Қайыр жоқ бірақ, бұршақ па, – Жерімді саздай илеуде...
Қиялдың өзін бұл шақта, Еркіміз жоқ па билеуге?
Уа, оят, тымық пейішім, Сарылып уайым жедім мен.
Ұмытылмайтын мен үшін, – Қызусыз қызық, шеріммен!
Бақытым, сәнім, шаттығым, – Тозақ деп ойға батқаным:
Қайғыдан – дәмін тәттінің, Үрейден – дамыл тапқаным!
Құр әуре!
Қайтып тұрмайды, Ұйқыға кеткен мәңгілік.
Асқынған жара – бір қайғы, Тарамас қайта жаңғырып.
Арылып бұл дерт тозар ма, Түссе де көрге қамаған;
Айналып қайғы тозаңға, Шығады шөп боп жаңадан.
Әйнектен қарап тұрғандай, – Тек қана әлгі моладан:
Күлкісін бізге бұрғандай, Тұрады қарап сол адам.
Сәулесі жанып бақыттың, Сөнеді іле қайрадан.
Тұрса ғой осы жақұт күн, Қалпында мәңгі жайнаған.
Тек қана жанып, өшеді! Жігер-күш кеткен жел қуып;
Жалын жоқ – жанның кеселі. Кеудені жатар шер буып.