24.03.2022
  115


Автор: Тортай Сәдуақас

АҚЫН МЕКТЕБІ

(Ибсеннің ізімен)
Хабарың бар ма, айладан, Үйреткен биге аюды?
Алдымен аңды байлаған, Қаңылтырға әкеп жаюлы.
Астынан бірақ от қойып, Қыздырған темір табақты.
Қыл қобыз, тыңда, деп қойып, Бастайды сарнап “сабақты”.
 Өкіреді аю үздігіп, Өзі де соған құмардай;
Табанын жалын қыздырып, Тыпырши бастар тұра алмай.
Қыл сарнап, аю ақырып, Табанын тартар ол күйген;
Екі аяқпенен ақыры, – Денесін тіктер өңкиген.
Билейді аю оңай-ақ, Құлақтан кетпей баяғы үн.
Көтерер бірде – оң аяқ, Біресе сол жақ аяғын.
Сарнайды қобыз зекіріп, Зікір сап, зарлап – ол да арбап;
Жатады бірге секіріп, Шоқ басқан аң да қорбаңдап.
Өлгенше бірақ сорлының, Есінен кетпес бұл сабақ.
Қобыз бен оттың қорлығы, Әдетке сіңген күн санап.
Аю ма жалғыз, дауым бар! Өткенде тағдыр өткелін;
Көбіңнің ақын – бауырлар, Көретін осы мектебің.
Мазақ қып тағдыр қорламақ, Қоңырау, қобыз – бар мұнда;
Жүрсін деп құрдай жорғалап, Тұрлаусыз өмір алдында.
Қажытып қайғы қамаған, Шертеді шегін махаббат:
Би билеп, байғұс салады ән, Азапқа батып, қаталап.
Жұптасып жүрер өмірде, Махаббат пенен мұң-дағы.
Астасып жатқан көңілде, – Өмірдің мәні бұл бәрі!
Махаббат сазы тынбайды, Құлаққа жаққан, киелі;
Кеудесін кернеп мұң-қайғы, – Іңкәр боп тағы ол сүйеді.
Шоқ салған күбі – дүние, Астында алау жанады;
Тік тұрмақ түгіл, күйіне, – Байғұстар естен танады.
Әуреге арбап салатын, Сайқымазақ бұл тағдырың;
Билейді өксіп, ал ақын, Өнер дер – мұның барлығын!?.





Пікір жазу