Туындылар ✍️
АЛАСАПЫРАН
Тіршіліктің тірегі, – Адамзат пен табиғат.
Заманның сол тілегі, Заң да солай, шариғат.
Есендігін ел тілеп, Екі алып бұл үйлескен:
Ұрпақ туып, жер түлеп, Ғажайып бір күй кешкен.
Торын бұзып түрменің, Шығар хақтың тілеуі.
Көктемдегі дүрмегің, – Дүниенің түлеуі.
Жылы-жылы соға жел, Жібігендей тоң қатқан.
Анау жатқан қара жер, Анамыздай толғатқан.
Алаулап күн зеңгірде, Қуат берген тәңірі.
Иігендей жердің де, – Алпыс екі тамыры.
Көктем мен қыс алмасқан, Дүние еніп дүрмекке.
Аспан мен жер арбасқан, Қара мына суретке.
Аң-таң қыстың өзі енді; Ағыл-тегіл еріп қар.
Құрсаулаған өзенді, Мұзда қандай желік бар?!
Тәні өртеніп барады-ай: Әл-дәрмені азайып.
Қалш-қалш өтіп қарадай, Басталды бір ғажайып.
Таңданды қыс: о қалай, – Күн сайын бұл тыншын ап;
Көгеруде көкорай, Көбеюде күншуақ?
Таңданды қыс: қанша бұл, – Қатқан тоңды қақ жарып;
Қалай келді қаршагүл, – Дүниеге жап-жарық?
Қабақ түйіп қатты оған, Соқпақ болды үскірік;
Алай-дүлей ақ боран, – Қар үйірді ышқынып.
Жаурап төмен иілді, Гүл атаулы жайнаған.
Қалай боран тыйылды, – Бой көтерді қайрадан.
Көрсетпеді ол сес кімге, О заман да, бұ заман?!
Жарлығы өтпей ешкімге, Жарылардай ызадан.
Қыс та кетер қыспаққа ап, Күш қылғанмен қамшы ұрып.
Гүл де Ерге ұқсап тап, – Жасап жатыр қарсылық.
Күйреді қыс, пеш қайнап, Түсіп уақыт тезіне.
Жасай алмай еш қайрат, – Нәзік гүлдің өзіне.
Бабалардың көзіндей, Бабын табар күн шығып.
Құдды ұланның өзіндей, Құйттай ғана тіршілік.
Заулап желі заманның, Қилы-қилы күн өтер.
Ой-санасын адамның, – Ол да қайта түлетер.
Арман да сол алға асып, Жоғалмайды, саспа оған.
Жатар солай жалғасып, Жаңа ұрпақ, жас қоғам!