24.03.2022
  162


Автор: Тортай Сәдуақас

ШЫНАЙЫ ҚҰНДЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Асока патша, мейірбан әрі ақылды,
Кең сарай толы кеңесін үзбей шақырды;
Ықылас қойып тындайтын өзі жалықпай,
Шақырып алып диуана, сопы, пақырды.
Уәзірлер үшін мынадай жағдай ұнай ма,
Кеңесші, бектер, қолбасшыларға былай да;
Намысқа тиіп байғұспен қатар отыру,
Сөз қылып сырттай іздейді олар бір айла.
Қос сандық бірде алдырды патша.
Нағылған?
Біреуі – алтын, тағылған тастар лағылдан;
Біреуі болса кәдімгі ағаш тақтайдан,
Сыртынан сырлап қарамай ғана жағылған.
«Уәзірлер айтсын, – деп патша өзі тіл қатты, –
Сендерше мұның қайсысы сондай қымбатты?»
Шу ете қалды уәзірлер сонда бар тұрған:
«Әрине, тақсыр, жасалған мынау алтыннан!
Қасында оның теңеуге тіпті тұрмайды,
Қарамай болып баттасқан сандық, антұрған!»
Бұйырды патша ашуға дереу құлыбын,
Куәсі болды барлығы сандық сырының;
Өлексе жатты сасыған, алтын сандықта,
Жалт берді бәрі жауып ап ауыз-мұрынын.
Інжу бар екен қарамай сандық ішінде,
Әтір мен асыл тастар бар көрер түсіңде;
Уәзірлер дағы, қолбасы менен бектер де,
Аңырып қалды таңданған ғажап пішінде.
Сұрады патша тағы да қобди парқында:
«Сонымен қалай, шынымен қымбат алтын ба?»
Кәрленіп патша, салмақ сап айтты сөзіне:
«Бұл алтын сандық сендердің ұқсар өзіңе!
 Іштерің ала, сатқындық, іріп-шіріген,
Көрінер сырттай жылтырап жұрттың көзіне.
Қарамай сандық диуана сынды ол маған,
Пақырлар әлгі, байғұстар әлгі сорлаған.
Жайына қалып жасанды сыртқы сұлулық,
Ішерге асы, киерге киім болмаған.
Ыза мен ашу ішінде оның тұнады,
Ашынып осы шөптерді арам жұлады.
Көргені көп те, түйгені мол бұл адамдар,
Санасы оның жарқырап күндей тұрады».
Ендеше, саған – сандықтар алтын, сабақ бұл, –
«Қарамайларды» жүрмеңдер жанға санап құр:
Таласпай босқа інжуді тандап, танып ал,
Ішінде не бар сандықтың, соны қарап, біл.





Пікір жазу