24.03.2022
  111


Автор: Тортай Сәдуақас

СҰЛУЛЫҚ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Ескендірге ұстаз болған Аристотель ғұламаң, –
Сабақ болсын деген оймен сөз арнапты бұл оған:
«Біле білсең, өрттен өткен, өткірі де қарудың,
Бәрімізді мерт ететін арбауы ғой арудың.
Кемелденген білім менен ақыл ғана саналы,
Одан қорғар ең сенімді қалқан бола алады».
Аристотель бақ ішінде жүрген еді қыдырып,
Ақық ерін Аглая көрінді алдан құбылып!
Аглая – сол бір керім, кереметтей шырайлы,
Көркіменен таң қалдырған адамды да құдайды.
Оның тапқыр сөзі менен ақылына тамсана,
Жұрттың бәрі қаймығатын, қаймығатын ханша да.
Аристотель таң қап қызға, сұлулыққа сүйініп,
Жақын келіп қасына оның, тағзым етті иіліп.
Деді сосын: «Аглая, өтінемін жалына!
Қалауым – сен, жарық күннен жақынсың ғой жаныма.
Тілегімді берші сәтке, таппаспын мен тағат та,
Сосын нені қаласаң да жасайын сол сағатта!»
Аглая күлімдеді: «Маған мерей, мақтан да, –
Көңіліңнің менде болып, қалауыңды тапқанда.
Элладаны сан ғасырлар даңқты еткен данышпан,
Білімімен көкті шарлап, жер-жаһанмен табысқан.
Мен – сендікпін. Не десең де болам сенің еркіңде,
Тек қана бір тілегім бар тұрар болсаң сертіңде.
Бақша ішінде қыдырт мені, осы қазір жарықта,
Арқаңа сап арқалауға жарты сағат жалықпа».
Мұны естіген данышпанның күлкі тұрды көзінде,
Айтқаннан соң амал қанша – тұру керек сөзінде.
Сырт киімін шешіп тастап ыңғайлана бастады,
Қыз да дереу орамалмен көзін таңып тастады;
Атша мініп Аглая, көк шыбықпен жасқады.
Бақ ішінде көкорайда еңбектеп ер келеді,
Қауызға да таяп қалды жұпар ескен желегі.
Ескендір бар нөкерімен, тиіп тұрған Сарайдан, –
 Күміс күлкі сыңғыр қағып, әсем үнмен тарайды ән.
Аглая дыбыстайды: «Шүу, есегім, жануар!
Бірер минут тепеңдей түс, баратын жер әлі бар!»
Тентек сұлу Сарайдағы кісілерді кесе өткен,
Арқасынан түсті барып, түскендей боп есектен.
Сосын оның жылдамырақ көзін шешті бұл деген...
Қыран-топан күлкі болды ол, жеткізе алмас тілменен.
Ескендірге ұстаз болған Аристотель ғұламаң,
Сабақ болсын деген оймен сөз арнапты бұл оған:
«Біле білсең, өрттен өткен, өткірі де қарудың,
Бәрімізді мерт ететін арбауы ғой арудың.
Кемелденген білімің де, ақылың да саналы,
Мұндай жерде қалқан болар қауметі де шамалы;
Мұны бастан кешірдім мен.
Тек соқыр мен марқұмдар, –
Қатарында болсаң ғана оны жеңер қалпың бар».





Пікір жазу