24.03.2022
  183


Автор: Тортай Сәдуақас

МҰЖЫҚ АҢЫЗЫНЫҢ БАСЫНДАҒЫ ОЙ

1.
Алдымда – аңыз, шомылдырған нұрлы аспан:
Ыстығы жоқ жарқырайды алтын күн.
Тыншу жерде құстар ән сап тынбастан, –
Ал жүректі шалды неге салқын мұң?
Каншама онда сұлулық, бақ, махаббат!
Уа, әлемнің әміршісі, бер қара;
Іңкәр жүрек таппай қойды қанағат,
Ілмей көзге ілбіп жүрген сен ғана.
Нулы дала, бақша үйдің қасында,
Көз алдыңда көсілген кең көкорай.
Дамыл таппас диқан, не күй басыңда,
Бос лашықта аштан қаттың неге олай?
Тауды жарып темір қортып, кен бердің,
Тіл-аузы жоқ неге сенің түренің?
Темір әлде жұмсала ма сендердің, –
Тек бұғауда болу үшін білегің?
Жалпақ жерің бөленгендей шуаққа,
Қайнап шыққан қайнарың мен кенішің.
Дамыл таппас диқан, неге бірақ та,
Атпайды таң, төкпейді нұр сен үшін?
Сан ғасырлар жиған тұзың бәріңнің,
Шыны тектес шың болардай теңесем:
Тұзы неге татымайды наныңның,
Жердің тұзы бола алмадың неге сен?
2.
Мұжықтардың танабына талпынар,
Бұл жүрегім толып мұңды сезімге;
Рухым менің табыңа ыстық шарпылар,
Жұлдыздайын ағып түскен теңізге.
 Өнбойыңды аралайды, бойлайды,
Сабақ, түбір, әрбір түйір дәніңді,
Әр қауызға жанай келіп ойлайды:
«Кім жұтқан деп сенің тәтті нәріңді?
Сан ғасырлар өтті осылай өмірің,
Қаның сорып, қазаға ұрған бәріңді,
Неге мұнша аз астығың, өнімің,
Кім ұрлаған қасиетті дәміңді?»





Пікір жазу