24.03.2022
  116


Автор: Тортай Сәдуақас

Шуақ қандай!

Шуақ қандай!
Күлімдейді нұрлы аспан,
Құйылады заңғар көктен тынбастан,
Түпсіз терең, мәңгілік көк мұхиттан...
Бозторғайлар боздап айтқан жыр-дастан.
Тұр, егінші!
Көтер, кәне, басыңды,
Аяз да жоқ, ызғырық та басылды.
Жылы-жылы жел еседі, таза ауа,
Қыс та кетіп, боранды күн ашылды!
Бойжеткендей жайнап өңір аспаны,
Толықсиды тулап бойда жас қаны;
Кең тыныстап, тіршілігін жұмыр жер
Өміршең де ғажап күшпен бастады.
Тұр, егінші!
Сеп кезінде алтын дән!
Жер-ананың махаббатына шарпылған:
 Өбеді жер қан жүгіртіп, нәр беріп,
Өседі ол емін-еркін талпынған.
Жаны жайсаң, уа, достарым, көп менің!
Құрыш білек, шынайы ойлар көктегін!
Жаңғырыққа құдыретті құлақ түр,
Көр, жаңғырған Адамзаттың көктемін!
Сеп, санаға еркін ойлар ұрығын,
Жай жүрекке – бауырмалдық ұғымын.
Күрес отын жақ – ізгілік, махаббат,
Ерікті ету үшін көптің ғұмырын!
Себіңдер ал!
Жер құшағы ашылып,
Ақиқаттың дәні жатыр шашылып!





Пікір жазу