24.03.2022
  220


Автор: Нұрлан Оразалин

Мен кiртисем…

Мен кiртисем…
Iштей үнсiз кiртием.
Арымменен бетпе-бет кеп жыр түйем.
Жалбаңдаған жағымпазды жақамай,
жалған үшiн жабығамын, «үрпием»,
арымменен оңаша қап жыр түйем.
Мен мұңайсам…
Iштей үнсiз мұңаям,
аспанымды кезедi бiр құмай-ән.
Жылпоспенен жүздескенде – жүдеймiн;
армандымен кездескенде – тыңаям,
ойға қуат бередi бiр үн аян.
Мен жыласам…
Iштей үнсiз жылаймын,
көзден ұшып көкшiл ғалам, гүл-айдын;
жырдың жасын жүрегiммен бұлаймын,
атын айтып қазақ пенен құдайдың,
кең даламның амандығын сұраймын.
Мен күрсiнсем…
Iштей үнсiз күрсiнем,
аярлар мен озбырлардан түршiгем;
азғындардан ада-күде дүние,
кең қалпыңмен кеудеме кеп кiршi кең!
 
Сатқындардан:
Сөзiн сатқан түршiгем!
Көзiн сатқан түршiгем!
Өзiн сатқан түршiгем!
Түршiгем…
қыркүйек, 1987 жыл.





Пікір жазу