24.03.2022
  122


Автор: Нұрлан Оразалин

ТАЛБЕСIК

(диалог-поэма)
Мақпал түннiң қоңыр салқын самалына
көкiрек тосып тұрып, Жер – адамзат баласының мәңгiлiк талбесiгi деген қарапайым ұғым
тiлiмнiң ұшына қайыра-қайыра орала бередi.
(Күнделiк беттерiнен)
Ақын. Жер – тiршiлiк.
Жер – махаббат.
Жер-ана…
Жалғасатын көздегi от,
аңыз да көп,
ол туралы сөз де көп.
Уақыт. Жер-ананың кеңдiгi –
бойлығы мен ендiгi
көтередi қайыспай…
Ақын. Кешегiсi – белгiлi.
Ал ертеңi?
Дау-талас…
Талас-талас… Тоқтаусыз
(иi қанбас қайыстай)
келе жатқан жалғасып,
өмiр көшiп, ән қашып,
қолдан-қолға алмасып…
 
Уақыт. Жұмыр басқа ендiгi
жетпегенi Жер едi…
Ақын. Шындық, шындық – жоқ даусыз.
Адамзатқа керегi –
жұмыр бас пен
жұмыр Жердiң саулығы.
Бiрақ…
Бiрақ…
Замананың даулы үнi…
Уақыт. Несiне айттың, ау, мұны?!
Ақын. «Жер суиды» деседi ғой жыл санап?
Уақыт. Бiреу оны жатыр ма екен тұмшалап?
Ақын. Мезгiл сөзi, Ғалымдардың байламы
кезiп жүрген қала, дала, тайганы.
Уақыт. Байлам?.. Болжам?.. Қайдағы?
Ақын. Түршiгуде антенналар Айдағы,
күрсiнуде мұхиттар,
торығуда өзендер –
теңселуде тыныштықтың қаймағы.
Көзге елестеп көзсiз күндер қайдағы,
құрлықтарға мұң құшағын жайды, әнi.
«Қызыл кiтап»…
«Қызыл кiтап»…
Қалыңдауда күн санап,
қашып қырдың
ақ бөкенi, сайғағы.
 
Ұлы өзендер,
ұлы көлдер тартылып,
көзден ұшып,
сарқылуда бар тұнық.
Тауларымен қоштасуда қырандар,
қалқып көкте ұшатұғын шарқ ұрып.
Қамыс құрғап,
жиде құрғап,
гүл құрғап…
Су!..
Су сұрауда тораңғылдар…
Тұнжыр бақ…
Байкал…
Балқаш…
Аралдар…
Қамығуда жүректегi мұңды ырғап.
Уақыт. Қайғы бұлты торламаса егер де,
алты құрлық бiрiн-бiрi сөгер ме?
Азулылар азу тiсiн ақситып,
азусыздар ойдан азап шегер ме?!
Азап-құрсау байламаса егер де,
тiзгiн бермей асау мына ғасырың,
азалылар мұң мен шерiн төгер ме?!
Ақын. Соны ойлаймын…
Ойлаймын да күрсiнем,
Көп арманың мүжiлер ме, шөгер ме?!
Соны ойлаймын.
Ойлаймын да – түршiгем…
Түршiгем!..
Уақыт. Бұл сөзiң…
Дұрыс кiмге, естiлер терiс кiмге?!
 
Ақын. Қайшылықтар жетедi жер үстiнде…
Уақыт. Жиырмасыншы ғасырда…
Ақын. Бәрi мүмкiн:
Уақыт. Бақ та,
Сор да.
Зауал,
Сауал…
Келiссөздiң болуы (керiстiң де)…
Жер үстiнде
Көздер,
Милар
шарпысып жатқан кезде,
аяз қарып, көрiнбей ақпан көзге…
Қуаныш пен күрестiң болатынын,
болатынын ұмытып тақтан да өзге –
бiрiн-бiрi адамдар сатқан кезде,
бiрiн-бiрi адамдар атқан кезде,
бiрiн-бiрi адамдар шапқан кезде,
бұғазына Парсының бермей тыным,
белшесiнен «күнәға» батқан кезде:
Екi көзi арбасып бiр-бiрiмен,
бiрiн-бiрi ағайын қапқан кезде…
Дәуiрлердiң ұмытып «мандаттарын»,
қабағына әлемнiң қан қатқанын
көресiң бе?
Батысты жатқан шулап,
қырық бiрдiң ұмытып қанды ақпанын?!
қырық бiрдiң ұмытып солдаттарын,
қырық бiрдiң ұмытып балдақтарын,
сабағынан тарихтың жоқ қортынды,
адамзатқа қалдырған талдап бәрiн.
 
Ақын. Байқайсың ба?..
Құлағына ғаламның ән келедi.
Сезесiң бе?..
Көз алдыңа ғаламның қан келедi…
Уақыт. Ән менен Қан шарпысып жатыр тынбай,
дүниенiң жалғасып мәңгi елегi.
Кеткендей боп ойлардың бәрi суға,
Саналар қағысуда, алысуда,
Атом-ғасыр атой сап сағат сайын,
Оқ жонатын заводтар «жарысуда»…
Ақын. Жарысуда Дүние –
екi бөлек;
Санам – екi бөлек,
Әнiм – екi бөлек,
Шамам – екi бөлек,
Жаным – екi бөлек…
Тығылады запыран өтiме кеп…
Талбесiкте тербелген бүтiн тiрлiк
Қалай, қайтiп, бiрi қап…
Бiреуi шетiнемек?!
Ақылыма сыймайды…
Мүмкiн емес,
өте шығар тiршiлiк – бiр күн елес.
Уақыт. Қар жаумайды,
ормандар шуламайды,
Батысқа да ақ жауын сiркiремес,
Шығысқа да ақ жауын сiркiремес…
Мүмкiн емес…
 
Уақыт. Қалса – бiр қалады,
баяғыдай тал-қайың ырғалады.
Шекспирден,
Гетеден,
Пушкиндерден,
Абайлардан ұрпаққа жыр қалады.
Ақын. Мүмкiн емес…
Уақыт. Кетсе – бiр кетедi,
Рейн де кетедi,
Нiл кетедi,
Панама да кетедi, Сыр кетедi,
Ақ Едiл де кетедi, Хуанхэ де,
қуаң тартып Жер үстi,
кетедi Өмiр…
Мәңгiлiкке шуақ-нұр, жыр кетедi…
Айға асылар сезiм жоқ…
Ән кетедi,
Жер-анадан – жерұйық сән кетедi.
Жауласуды,
ұмытып дауласуды,
Гималайдың тыншиды мәңгi етегi…
Айдай анық көрiнер анық маған:
қыран түгiл көгiнде қалықтаған,
басып қалса бiр есер «кнопканы» –
қас пен көзде
көл түгiл,
өзен түгiл,
ғажап емес кетуi жанып ғалам…
 
Ақын. Атыспақ па:
Қалалар қалалармен,
Далалармен,
Алаңдар алаңдармен,
Адамдар адамдармен?!
Мұхиттар ақтарылып,
туламақ па,
иесiз бақтар ұлып,
шуламақ па?!.
Уақыт. Мүмкiн,
бәрi мүмкiн…
Ақын. Айыра алмай сауың кiм, ғарiбiң кiм.
Заңғарлар аударылып,
қабырғасы қақырап, таулар ұлып,
гүл оранған алаңдар күл жамылып,
дүние астан-кестен…
Түн жамылып,
нәсiлiң де,
жойылып асылың да…
Бәрiн,
Бәрiн
қас пен көз мылжа қылып;
ұлы өмiр сән-күйiнен,
адасып әлдиiнен,
көк белiнен,
көгiлдiр көктемiнен,
сәмбi тал, шөптерiнен,
Адасып кептерiнен…
Таусылып көмiртегi…
«Тiршiлiк қоштасар ма оттегiмен?!
 
Ойдағы, беттегi де,
жердегi, көктегi де
адам қолы жасаған сұмдықтардан,
адам миы жасаған сұмдықтардан
қирап,
сынып,
мүжiлiп кетпегi ме?!
Сұрапыл есiп өтiп,
махаббат көшi кетiп,
суынған Жердi мәңгi
тыныштық бесiк етiп,
суалып бұлақ көзi,
тартылып тоған бастан,
жер үстiн жайлап мына
соқыр,
мылқау,
тiлсiз,
дiнсiз,
меңiреу «қоғам» басқа…
(бәрi де кетедi ме оралмасқа?!)
Сахара құмдары да,
Памирдың шыңдары да,
Гобидiң шөлдерi де,
Кардельер таулары да,
Вавилон баулары да,
Кең Далам да,
Орманым да,
Сыңсыған бақтарым да,
Сырнайлы шақтарым да
Бәрi…
Бәрi…
Сызылмақ па
Жер бетiнен, картадан?!.
 
Уақыт. Ошақтардың сөнiп оты,
мәңгiлiкке тарқап ән,
ғазауаттың үнi ғана
«телеграф сымдарындай ызыңдап»,
көшедi тек,
еседi тек
ажал үнi,
тажал үнi
сай-саладан,
жон-жотадан, арқадан.
Тып-типыл боп қала, құрлық
сызылады картадан,
сызылады континенттер есiмi,
көз жұмады Жер-ана –
тiршiлiк пен махаббаттың бесiгi.
Қасиеттi қара Жер!..
Миллион жылдар жасаған,
Сенен күлкi,
Айдан шаттық, қашады ән…
Ендi мәңгi аңдыспайды адамдар
бiр-бiрiне мылтық кезеп тасадан.
Жол салмайды бұзып-жарып
сеңдi ешкiм,
экватордың төбесiнен төнбес Күн…
Бала-бақша…
Емханалар қаңырап,
пәтер iздеп сандалмайды ендi ешкiм.
Тәжге,
таққа,
таласпайды шенге де,
алтын қуып,
алданбайды теңгеге…
 
Адамдарды аялаған Жер-ана
айналады от қарыған көмбеге…
Бәрiн,
Бәрiн… Шыжғырады,
өртейдi,
сезiмдi де,
сенiмдi де,
талақ етiп өрт ойды –
кеңiстiктi кезедi бiр жетiм шар,
(ұмытады ақыл, азап, Жер тойды…)
Невада да естiмейдi дүрсiлдi еш,
Тау, Дала да ендi қайтып күрсiнбес,
Чернобыльды көрiп тұрып, көрмеген
ендi қайтып
жүректерге жыр сiңбес…
«Мылқау қоғам» күрсiнбес…
Ақын. Дүние – екi бөлек:
Санам – екi бөлек,
Әнiм – екi бөлек,
Шамам – екi бөлек,
Жаным – екi бөлек…
Тағдыры Жер-ананың
еске түссе,
тығылады запыран өтiме кеп…
Талбесiгiм – тербелген бiр бүтiнiм,
қақ айырылып,
қалай?
Қайтып бiреуi – шетiнемек?..
Мүмкiн емес!
Апыр-ай, мүмкiн емес!
 
Уақыт. Өте шығар тiршiлiк – бiр күн елес…
Бола қалса ондай күн…
Сақ бол, Ақын!
Батысқа да ақ жауын сiркiремес,
Шығысқа да ақ жауын сiркiремес.
Ол қырғыннан аман-сау қалмайды ешкiм,
қызғалдағын жерлеген қыр түлемес…
Ақын. Мүмкiн емес!..
Уақыт. Қалса – бiр қалады,
көктем сайын табиғат нұрланады.
Көздi жеген сұлулық сезiм болып,
сезiм болып Дүние ырғалады.
Күмбiр-күмбiр көңiлдiң жылғалары –
сөз қалады, ұрпаққа жыр қалады…
Қызыл-жасыл таулардың мәңгi алабы,
жауыннан соң, сiлкiнiп, жанданады,
дүр оянып Дүние қайта түлеп,
өлмейтұғын ұрпаққа ән қалады.
Тербетедi сұлу ән тас қияны,
көңiлдердi толқытып, жас құяды.
Жалғасады тiршiлiк жер үстiнде,
iздегенмен, таппассың басқа ұяны…
Тербетедi сұлу ән сұлу Айды,
(суық жерге тiршiлiк жуымайды)
адамдардың жүрегi суымаса,
жасар мәңгi!
Жер-ана суымайды…
Суымайды!..
маусым, 1987 жыл.





Пікір жазу