24.03.2022
192
Медеу сайы…
Медеу сайы…
Талықсып күз бұлағы,
сам жанды да аспаннан сыз құлады.
Сағат тiлi секiлдi сырт-сырт етiп,
бiр жыр менiң кеудемдi сызғылады.
Жұлын-жүйкем тартылып сымдай болып,
Қонды, қара, төрiме түнде Ай келiп,
Алатаудан тарады бiр сағыныш…
Қараша қаз ести ме?
Тыңдай ма елiк?
Жанар бiткен жатқандай түндi аймалап,
Тыңдай ма аспан?
Саз үнiн тыңдай ма бақ?
Айға қарап мен сенi елестеттiм,
сенде ғана бар, жаным, мұндай қабақ.
Құлағыңның жалт еткен сырғасындай,
үрке қарап қиылды қыр басында Ай.
Сенiң көзiң секiлдi түннiң көзi,
осып өттi жүректi жыр жасындай.
Медеу сайы…
Талықсып күз бұлағы,
көктен биiк кеудеме iз құлады.
Қазандағы қаладай қаңырап ой,
аспанымды жаңа жыр сызғылады.
қазан, 1987 жыл.