24.03.2022
  207


Автор: Нұрлан Оразалин

Бiреу ойға....

Бiреу ойға батқанды оң көредi,
бiреу мылтық атқанды жөн көредi.
Асқанды да тасқанды орнына әкеп,
түбi бәрiн құдырет теңгередi.
Жөн-жосықсыз жәбiрлеп, алысқанды,
өз орнына қояды «данышпанды».
Түлкi, қарсақ, қоянды ойға қуып,
тағына әкеп қондырар арыстанды.
Жаратылыс пенденiң толғар iшiн,
«Халқым» деген адалды қолдары шын;
шатастырмай қыранды құзғынымен,
Тәңiр өзi таңдайды жолбарысын.
Қара жердi шiренiп басқандарың
көредi әлi, төгедi аспан кәрiн;
Халық деген болса аман нағыз құдай,
өз бағасын алады асқан дарын.
Ой-санада оянып аза-қайғы,
бәрiн өзi уақыт тазалайды.
Елдiң кәрi ешкiмдi жiбермеген,
жiбермейдi, әлi-ақ кеп жазалайды.
Кеме шығып қайраңға… Қайық тайды…
Ұлысты да уақыт байыптайды.
Жаңа алаңда жарам бар жазылмаған,
сенем, ұрпақ жендетiн айыптайды!..
қыркүйек, 1987 жыл.





Пікір жазу