24.03.2022
  225


Автор: Нұрлан Оразалин

Ойға менi....

Ойға менi қыркүйек батырады,
қайың-қыздың ұшады жапырағы,
қарақазан тiрлiктi ұмыттырып,
қаз-тырнаның дауысы шақырады.
Шақырады ойымды, ән, мұңымды,
тербетiп бiр баяғы балғын үндi:
«Қазан ұрып, қараша, желтоқсан кеп,
қар басады қайтадан шалғыныңды…»
Дейдi-дағы ұзайды құстың әнi,
сұңқылынан тырнаның iш тұнады.
Жылда күзiм қайғысыз аттанатын,
биыл неге көңiлiм қыстығады?!
Ширығады нелiктен бұлай қатты?
Шамырқанып кеудемнен құлайды атты.
Жұмып едiм көзiмдi…
Құйылып кеп
балапанын тауықтың құмай қапты.
Қапты…
Iлдi…
Аспанға алып кеттi.
Шеңгелiнде шырқырап ғарiп кеттi.
Ана емес пе?
Апыр-ай, шықты бiр сәт
мекиеннiң дауысы жарып көктi…
 
Көңiл көшi көк белде ауып, тұрды,
қып-қызыл кеш бояды жауып қырды.
Бола алмадық, апыр-ай, желтоқсанда
балапанын қорғаған тауық құрлы?!.
Қыркүйек-мұң…
Кеуденi қауып тұрды.
қыркүйек, 1987 жыл.





Пікір жазу