meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  24.03.2022
  143


Автор: Нұрлан Оразалин

Ойларды ұясынан....

Ойларды ұясынан кеш түлеткен,
булығып бұла мiнез көштi көктем;
қызығын қыз-фәнидiң тауыса алмай,
өткеннiң көбi бiздей өксiп өткен.
Үмiттi талшық етiп алданып бiр,
бәрi де болмашыны малданып құр;
бiр ұрпақ бiр ұрпаққа аманаттап,
мәңгiлiк жанарларда жалғанып тұр.
Көзiңде – кербез қала…
Көше күлер…
Көңiлде – қазiргi мен кешегiлер.
Жалғасың тұр ма ұлыңның жанарында,
есебiн келер күннiң шеше бiлер?!
Алысып күншiлдермен сатқан арын,
кiм бiлсiн қайтiп оның сақтанарын?!
Өлеңiн өз тiлiнде жазған ұрпақ
жүрмес пе аманаттап хатқа бәрiн?!
Жаңылмай кiм анығын айта алады?
Соны ойлап көңiл-теңiз шайқалады.
Қабағы келер күннiң қандай болмақ
мiнездi, бағы батпан, бай талабы?!
 
Естiге – ессiз күлкi, заман қайғы,
отты өлең өмiрiмдi тәмамдайды.
Қызығын қыз-фәнидiң тауысармыз,
жүрегiм Ертеңдi ойлап алаңдайды…
қыркүйек, 1987 жыл.





Пікір жазу