24.03.2022
  113


Автор: Нұрлан Оразалин

Естен кетiп....

Естен кетiп ессiз күндер бұрқаған,
естен шығып ессiз әндер шырқаған;
күз реңi байқалады қайыңнан,
күз реңi байқалады қырқадан.
Жиi еске алып әке менен шешенi,
Алматыға келгенiң де кеше едi;
кеше ғана мамыр едi...
мiне, ендi
сүрең күздiң сұрғылт бұлты көшедi.
Сүрең сезiм…
Сұрқай көше…
Сұр аспан…
Сағым сынды сәуiр алыс гүл ашқан.
Дүниенiң қабаржулы қабағы,
қорғасын бұлт бiр тұмшалап, бiр ашқан.
Алабұртқан жүрегiмде жыр сыздар,
Көктөбенiң бөктерiнде бiр сыз бар;
шермендiлер «әлдилейдi» арманын,
күрсiнедi тiршiлiкке қырсыздар.
Бойжеткеннiң көңiлiнде – мұң-қайғы,
Көңiл – жетiм…
Көзiн жаспен дымдайды.
 
Құлазыған күзгi бақтың дауысын
алып-қашып антенналар тыңдайды.
Естен кетiп ессiз күндер бұрқаған,
естен шығып ессiз әндер шырқаған;
күз реңi байқалады жүзiңнен,
күз реңi байқалады қырқадан…
қыркүйек, 1987 жыл.





Пікір жазу