24.03.2022
  109


Автор: Нұрлан Оразалин

Қарашада қуарады....

Қарашада қуарады тоғайлар,
қара суық…
Нөсерлетiп, көк ойнар.
Жасыратын өзге түгiл, өзiмнен
көңiл төрiн кемiретiн көп ой бар.
Әлденеден сескенедi жүрегiм…
Таба алам ба ойдың дауа – бiр емiн?
Iшке түскен қайғы жаман деушi едi,
Бiр жыл болды… Жерге қарап жүр елiм.
Көкiректен кеткендейiн ән қашып,
жасаурайды жанарымда таңда шық.
Қазан ұрды, көңiлiмдi қапты мұң,
қараша мен желтоқсанға жармасып.
Кiм бар мына тарқататын дерт-ойды?
Менi алаңның шер-қайғысы өртейдi.
Бiр жыл болды… Қуаныштан жұрдаймын,
ұмытқандай аспан менен жер тойды.
Созыларын қаншама жыл?
Қаншама Ай?
Кiм бiледi?..
Жүрек түйiп шаншады-ай…
Намыс шiркiн, жалын тисе, лап етiп,
бытыр-бытыр жанып кетер аршадай.
 
Ой қозғалса, қуып бойды қан қызбақ.
Үмiт…
Сенiм…
Оралар ма андыздап?
Желтоқсанда кiммен, қайтiп тiлдесем?
Күрсiнем бе?..
Жылаймын ба жалғыз қап?..
қазан, 1987 жыл.





Пікір жазу