24.03.2022
98
Аз күндердi...
Аз күндердi өткерiп сөз құраумен,
дүниенi бояппыз боз қыраумен.
Не берерiн Тәңiрдiң кiм бiледi,
тағдырыңды iшектей созғылаумен?!.
Көкжиек пен шақырып қиырдағы үн,
Жаның iздеп жайлы бiр күй ырғағын,
Қайсы күнi, қай жерде тоқтар екен
жүрек атты жалғанның жиi ұрғаны?!.
Кең Дала ма?
Төбе ме?
Шың ба биiк?..
Шырқау шыққан бiр әндi тыңдап-ұйып,
үзiледi қай жерде ақырғы iшек,
кең ғаламды бесiк қып, құндақ иiп?!
Кiм бiледi?
Анығын кiм айтады?
Қуантады, кiм менi мұңайтады?
Өмiр қанша өрiлiп өлең болып,
жанарымда жанады Күн, Ай тағы?!.
Бiрде шаттық тербетiп, бiресе мұң,
бiр анығы – өткенше жыр есемiн;
ең ақырғы парағым жыртылғанша,
Сөзiм үшiн ақырғы күресемiн…
шiлде, 1987 жыл.