24.03.2022
  115


Автор: Нұрлан Оразалин

Ақиқат ауылына....

Ақиқат ауылына ойыс, демiм,
өзiмнен өзiм көрем кей iсте мiн;
жасық сөз айтқан күнi – «тамұқ» кешем,
жақсы жыр жазған күнi – «пейiштемiн»…
Жүректi тулатып бiр қиял-ағын,
өлең-құс, кеудеме кеп ұяладың.
Кiнәм жоқ саған тағар…
Айыпты – өзiм,
айыптан кейде өртенiп, ұяламын.
Көзiңнен сарғайып бел, қайқаң қашқан,
қу тiрлiк келедi өтiп байқалмастан;
киелi театрға көп алаңдап,
көп жырды өлтiрiппiн айта алмастан.
Көп ойдың жоғалтыппын ғайып түнiн,
сол үшiн кiнәлiмiн, айыптымын.
Өлең-құс, кеудемдегi кием едiң,
арылдым жүрегiмнiң жайып мұңын.
Келшi бiр!..
Кеш келсең де жасырынбай,
сағынған ғайып-берен ғасырымдай;
жасық сөз айту ендi өлiммен тең,
жақсы жыр – жарты жалған, асылымдай.
Келшi сен!..
Кеш келсең де жасырынбай.
маусым, 1987 жыл.





Пікір жазу