Көрген сәтте....
Көрген сәтте адамдардың «ғарiбiн»,
шамырқанып, жыр жазамын, жарығым;
айтар сөздi айта алмасаң, асылы,
ақындықтың жоғы да – мұң, бары – мұң…
Өтiрiктi шындықтай қып, шыңдаған,
өсек-сөзбен айналасын былғаған
Яголар мен Жантықтардың талайын
бiзге дейiн өткерген ғой бұл ғалам.
Өз сөзiмен өз дәуiрiн жөндеген,
өз жырымен өз «ғарiбiн» емдеген,
әттең, әттең, сол «майданның» бәрiнде
адалдардың бақыттысы кемде-кем.
Көзге күлiп, қылмыс жасап жасырын,
асырмақ боп айласы мен тәсiлiн,
зұлымдығың «жантық» кейпiн кигенде,
сорға батқан ақының мен асылың…
Жылмиып кеп адалдықты сан атқан
өсектерден өксiп-өксiп таң атқан…
Сатқындардың көрген шақта шын кейпiн,
шамырқанып күй атылған шанақтан.
Пушкиндер мен Махамбеттер кеше өткен
ажал тапқан сатқындық пен өсектен;
Яголардың барын әлi ойласам,
оянамын шырт ұйқыда төсектен..
маусым, 1987 жыл.