24.03.2022
  148


Автор: Нұрлан Оразалин

Жүрегiм – жыр…

Жүрегiм – жыр…
Шалқыған
ән-ғаламым,
сен арқылы сезiм боп жалғанамын.
Жалын-оты басылмас, бiр суымас
құдыретке сендегi таң қаламын?!.
Мың жылғадан, сезiм боп мың бұлақтан,
бойды кеулеп, селдетiп үңгiп аққан
сағынышқа сендегi сүйсiнемiн,
жанарымен жай атып, түн жылатқан.
Сүйсiнемiн сендегi сенiмге ерен,
мына күйкi тiрлiкке берiлмеген.
Қызғаныш та сендегi қайталанбас,
ғашық оты сөнбеген, жерiнбеген…
Жүрегiм – жыр…
Кеудемде – жез үн берен,
мәңгiлiктiң көзiңнен көзiн көрем.
Мың жыл бiрге тұрсақ та бойыңдағы
өтем анық табынып сезiмге ерен?!.
маусым, 1987 жыл.





Пікір жазу