Жарасқанға
Өмiр ылғи тәттi арман, шекер емес,
Өтер күндер…
Өтер ән…
Өтер елес…
«Абызсынып» кеттi деп сөкпе, досым,
өтетiнi күндердiң бекер емес.
Ақпан да өтер…
Тыйылар бастағы «ызың»…
Басқа жазың келмей ме, басқа күзiң?!
Өстiп-өстiп тiршiлiк алмаспай ма,
жауын шайып, жоғалып басқан iзiң?!
Наурыз туа буланып жылдағы қар,
сай-саламен сыңғырлап, жылға құлар.
Қозы-лағын көгендеп көктеудегi үй,
қошақанын қойшы қарт құмға бұлар.
Өкiндiрiп, өксiтiп ән қашпай ма,
қызғалдақты даланы шаң баспай ма?!.
Найзағайлы жарқылдап өткен жазың
мәңгiлiк боп ертеңге жалғаспай ма?!
Жалғасады!.. Жүректi тербетiп үн,
шаттыққа да, берместен шерге тыным.
Махаббат та өтедi, зұлымдық та…
Бәрi өтедi… Қилы-қиын мiнезi жер бетiнiң.
Өмiр ылғи тәттi арман, шекер емес.
Өтер жылдар…
Өтер ән…
Өтер елес…
Бiз де өтермiз тағдырдың дауылымен,
өтетiнi өмiрдiң бекер емес.
ақпан, 1987 жыл