24.03.2022
  135


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖЕТIНШI ҚҰРЛЫҚ

Кеудемде менiң бұлқынған,
бұлақ боп мөлдiр жұлқынған;
көзiнде ғалам, нұр тұнған,
жұлдызды көк боп құлпырған.
Жетiншi құрлық – жүрегiм,
Сөзiңдi сөйле
сыр тұнған!
Аспаны жарық – Ай тұнған,
торласа бұлт, жай тұрған;
егiн боп, гүл боп жайқалған,
теңiз боп, түн боп шайқалған,
Жетiншi құрлық – жүрегiм,
Сөзiңдi сөйле,
айт арман!
(Жастық шақ жырларынан)
***
Бiрде жылап, бiрде күлiп, алданып,
бiрде жоқ боп, бiрде барға малданып,
келе жатыр сусып қолдың ұшында,
мәңгiлiктiң жiбек жiбi жалғанып.
Сұлулардың жырлап көзiн, сырғасын,
ғашықтықтан бастап едiк жыр басын…
Тағдыр болып толғанатын кез келдi,
заман артар иықта жүк тұрғасын.
 
Адалдық пен сенiм болып жолдасың,
арман қуып бастап едiк жол басын…
Арман шiркiн қол жетпеске айналды,
алтын – ақ тас, ал ақ тасың болды асыл.
Кешегi iсiң бүгiнiңмен қабыспай,
қас дұшпаның қарсы келiп, қағыспай,
құбылуда Мәңгiлiктiң майданы,
ашу бүгiп, iшi тұнған ағыстай…
Бәрiне де көңiл қанық, бас қанық,
(сөз сөйлегiм келмейдi, дос, жасқанып)
өксiтуде өте шыққан көп күндер
бар мен жоққа, болмашыға мастанып.
Артық айтсам,бұйырмағын айыпқа,
арман – ақ құс, айналғандай ғайыпқа.
Тағдыр – мұхит… Алай-дүлей көк дауыл,
мiнгендеймiз желкенi жоқ қайыққа…
Бiрде күлiп, бiрде жылап, алданып,
бiрде жоқ боп, бiрде барға малданып;
сусып қолда келе жатыр үзiлмей,
Мәңгiлiктiң жiбек жiбi жалғанып.
маусым, 1987 жыл.





Пікір жазу