Жылан
Жылан бірде Юпитерден өтінді:
«Дауысын бер Бұлбұлдың,
Әйтпесе, өмірім суып қалған секілді.
Қайда барсам, құрғұрдың
Бәрі мені ұрады:
Бірі сәл,
Таяқ жұмсап бірі дәл,
Жан сауғалап, әрең қашып шығамын.
Төзе алмаймын енді мұндай өмірге,
Бұлбұлдайын сайрар болсам тегінде,
Таңдандырып талайды,
Жетіп атақ, абыройға арайлы,
Ұйытар ем әңгімеммен орамды».
Солай етті, деп Юпитер: «Жарайды».
Ысылы мен жылан ізі жоғалды.
Тал басынан ыңғайлы орын сайлады,
Жылан содан Бұлбұлдайын сайрады,
Жақын келіп қонды құстар қайдағы;
Танып қалып «әншіні», ұшты құстар асығып,
Кімге ұнасын мұндай айла-тәсілі?
«Болғаны ма үнім сонша ұнамсыз?» –
Деді Жылан күрсініп.
«Сыңғырап тұр, – деді Торғай, – күмәнсіз,
Жатыр тіпті Бұлбұлменен бір шығып.
Шошыдым тек, айтар болсам шынымды,
Көрген кезде жалақтаған тіліңді;
Тым қауіпті жақындасаң бір қадам.
Ермек емес, шын сөзім-ақ кәдімгі:
Жалықпай-ақ тыңдар едік әніңді,
Бірақ, бізден алысырақ шырқасаң».